ҚазҰМУ мен Mindray медициналық білім беру және технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде
2026 жылғы 16 қыркүйекте С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде университет басшылығы мен Mindray халықаралық компаниясының президенті У Хао бастаған делегация арасында кездесу өтті.
Сапар аясында Mindray өкілдері үшін ҚазҰМУ кампусы бойынша тур ұйымдастырылып, делегация университеттің инфрақұрылымымен, білім беру, ғылыми және клиникалық мүмкіндіктерімен танысты.
Кездесу барысында тараптар медициналық білім беру, клиникалық қызмет, ғылыми зерттеулер, заманауи медициналық технологияларды, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектті енгізу салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
ҚазҰМУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Марат Шоранов университет пен Mindray арасында қалыптасқан іскерлік байланыстарды атап өтіп, ҚазҰМУ базасында Құзыреттілік орталығын құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Орталық дәрігерлерді, оқытушыларды, резиденттерді, студенттер мен жас мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру, соның ішінде заманауи медициналық жабдықтар мен технологияларды қолдану бойынша практикалық білім беру алаңына айналады деп жоспарлануда.
Келіссөздер барысында «Ақсай» клиникасын жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Тараптар клиниканы реконструкциялау және одан әрі дамыту аясында Mindray компаниясының заманауи медициналық жабдықтарын, цифрлық шешімдері мен жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктерін пысықтауды жалғастыруға келісті.
Mindray президенті У Хао ҚазҰМУ-мен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға және университеттің Орталық Азиядағы білім беру және клиникалық алаң ретіндегі әлеуетін нығайтуға компанияның мүдделі екенін растады.
Тараптар медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруды, ауруларды ерте диагностикалауды дамытуды, диагностика сапасын жетілдіруді, медициналық кадрларды даярлауды және заманауи медициналық технологияларды білім беру мен клиникалық практикаға енгізуді ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары ретінде атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы ынтымақтастықтың нақты бағыттары мен тетіктерін айқындау бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.






































