ҚазҰМУ әскери кафедрасының 214 түлегі салтанатты түрде ант қабылдады
2026 жылғы 5 мамырда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде әскери кафедра түлектері салтанатты түрде әскери ант қабылдады.
Биыл Отанға адал қызмет етуге 214 түлек ант берді. Олар офицерлер мен сержанттар запасын даярлау бағдарламасы бойынша оқуын аяқтаған. Нәтижесінде 101 офицер және 113 сержант даярланды. Түлектердің қатарында 60 қыз және 154 ұл бар. Бұл кәсіби медициналық біліммен қатар, ел қорғау жауапкершілігін де қатар көтере алатынын дәлелдеген жас мамандар.
Салтанатты шара алдымен Кеңес Одағының Батырлары Мәншүк Мәметова мен Владимир Иваниловтың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Олар кезінде медицина институтының студенттері болып, Ұлы Отан соғысы жылдары майданға аттанған. Ерлігі мен отансүйгіштігі бүгінгі ұрпаққа үлгі.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген университет ректоры Марат Шоранов әскери анттың түлектер өміріндегі маңызын атап өтті. Оның айтуынша, медицина саласын таңдаған жастар үшін әскери дайындық – үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін кезең. Оқу барысында олар тек теориялық және клиникалық білім алып қана қоймай, тәртіп пен жинақылықты, рухани беріктікті де қалыптастырды. Салтанатты рәсімге Қазақстан-Ресей медицина университетінің ректоры Нұрлан Жайнақбаев, профессор-оқытушылар құрамы, университет және әскери кафедра ардагерлері, студенттер мен құрметті қонақтар қатысты.
Іс-шара аясында әскери-патриоттық тәрбиеге және болашақ офицерлер мен сержанттарды даярлауға үлес қосқан курсанттар мен кафедра өкілдері марапатталды. Қонақтарға арналған бағдарлама да мазмұнды өтті: Ұлттық ұлан оркестрінің өнері, концерттік қойылымдар, қару-жарақ көрмесі, әскери техника шеруі және жауынгерлердің көрсетілімдері ұсынылды. Дәстүр бойынша шара соңында қатысушыларға сарбаз ботқасы ұсынылды.
Университеттің әскери кафедрасы еліміздегі ең көне әрі ірі құрылымдардың бірі. 1938 жылдан бері мұнда 50 мыңнан астам медициналық қызмет офицері даярланған. Бұл сабақтастық бүгінгі буын курсанттарының таңдауы арқылы жалғасып келеді.
Салтанатты рәсім ресми сипатпен шектелмей, тарихи жадыны жаңғыртқан, ұрпақтар сабақтастығын айқындаған тағылымды күнге айналды. Ол әскери дәрігер мамандығының тек кәсіби біліммен ғана емес, жоғары рух, тәртіп, адамгершілік және жауапты сәтте көмекке дайын болу қасиеттерімен тығыз байланысты екенін тағы бір мәрте көрсетті.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті әскери кафедра түлектерін әскери ант қабылдауымен құттықтап, оларға зор денсаулық, табандылық және кәсіби жолында табыс тілейді. Түлектердің білімі мен елге деген адалдығы Қазақстан игілігіне қызмет етсін.








































































































































































