Калматаева Жанна Амантайқызы С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ проректоры болып тағайындалды
С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің директорлар кеңесінің шешімімен ҚазҰМУ Академиялық қызмет жөніндегі проректоры қызметін Калматаева Жанна Амантайқызы атқарады. Жанна Калматаеваның үлкен қызметтік тәжірибелік тізімі бар, медициналық білім беру жүйесінде әртүрлі лауазымдарда еңбек еткен, ҚазҰМУ проректоры болып тағайындалғанға дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің медицина және денсаулық факультетінің деканы болып жұмыс істеген. ЖОО ұжымына Академиялық қызмет жөніндегі жаңа проректорды ҚазҰМУ ректоры Басқарма Төрағасы Марат Шоранов таныстырды.
«Жанна Амантайқызына бұл сала таңсық емес, жақсы біледі. Ол медицина ғылымдарының докторы, іскерлік әкімшілендіру магистрі, табысты жұмыс тәжірибесі мол. ҚазҰУ медицина және денсаулық сақтау факультетіндегі әріптестеріміздің жарқын үлгісі деп айтуға болады. Жанна Амантқызының табысты жұмыс атқаруына тілектеспіз. Сізге сәттілік тілеймін», – деді Марат Шоранов.
ҚазҰМУ ректоры проректор лауазымындағы мінсіз жұмысы үшін Клара Жеңісқызы Байлдиноваға алғысын білдірді. Сондай-ақ, Клара Жеңісқызы – университет ректорының академиялық мәселелер бойынша штаттан тыс кеңесшісі және Х.Досмұхамедов атындағы қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің лекторы болып тағайындалды.