Әлемде тұңғыш рет радиацияға қарсы дәріні қазақ ғалымы жасады
Қазақстандық ғалымдар сенсациялық жаңалық ашты. Еліміздің бетке ұстар жоғарғы оқу орындарының бірінен саналатын Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің Тимур Салиев (суретте – ред.) жетекшілік еткен ғалымдары хирургиялық ота кезінде қан кетуін тоқтату үшін қолданылатын «аминокапрой қышқылы» дәрісінің адам организімін радиациядан тиімді қорғайтынына көз жеткізген. Бұл жайында islam.kz порталы Деловой Казахстан ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Күллі әлем мамандары радиацияның денсаулыққа қауіпті әсерінен қорғайтын дәрі жасау үшін жанталасып жатыр. Бұл салада белгілі бір жетістіктер болғанымен ресми тіркелгені жоқ. Ал еліміздің ғалымдары өздері тапқан дәрінің тиімділігін дәлелдеп қоймай, сонымен қатар, аминокапрой қышқылын радиопротекторлық дәрі ретінде пайдалануға ҚР патентіне ие болып үлгерді. Осының негізінде радиацияның кері әсерінен қорғайтын арнайы қорғаныс дәрісін жасауға бел буып отыр. Тимур Салиевтің айтуынша, бұл тарапта арнайы жүргізілген тәжірибеде өз еркімен қан тапсырған дені-қарны сау адамның периферилік қанының мононуклеарлық жасушаларын пайдаланған. Аталмыш жасушалар аномалды жасушаларды, бактерияларды немесе вирустарды тауып, жоятын иммундық жүйенің маңызды компоненті болып табылады. Қан үлгісін иондаушы сәулеленудің әсеріне ұшыратып көреді. Нәтижесінде рентген сәулесінің аз мөлшерінен жасушаларды жойылудан сақтап қалды әрі оттегінің белсенді түрінің пайда болуына жол бермеді. Сондай-ақ, аминокапрой қышқылы ДНҚ-ны радиацияның әсерінен болатын зақымдалудан қорғады. Бұдан бөлек, аталған дәрі радиация тудыратын «апоптоз»-ды (жасушаның программаланған өлімі) болдырмады. Тимур Салиевтің сөзіне қарағанда, мұндай дәрі сәуле терапиясынан өтіп жүрген пациенттер мен радиация сәулесіне ұшырайтын құрал-жабдықпен жұмыс істейтін медицина қызметкері үшін таптырмайтын қорғаныш құралы. Бұған қоса, бұл дәрі ядролық реактормен жұмыс істейтін әскерилер мен азаматтық персоналдар үшін де пайдалы. Аталған қазақтың жоғарғы медиицналық оқу орны ҚР энергетика министрлігіне қарасты «Ядролық физика институты» мамандарымен бірігіп жүргізген тәжірибе барысында да кемргіштің де бойында да бұл дәрі тиімділігін көрсеткен. Бұл жаңалық туралы «Medicina» мерзімді басылымында жарияланды, алдағы уақытта халықаралық биомедицина мерзімді басылымындарында да аталмыш жаңалық туралы жазылатын болады. Аминокапрай қышқылы гемостатикалық өзгешелігінен өзге кейбір вирустардың белсенділігін баса алады.