ҚазҰМУ ректоры Нұрғожин Талғат Сейітжанұлының Халықаралық әйелдер күнімен құттықтауы
Құрметті әйелдер қауымы!
Осындай қиын–қыстау кезеңдерде Сіздер бізге жарқын болашаққа деген үміт отын сыйлайсыздар. Әрқашан ұлы мұраттарға ұмтылысқа шақырып, жаңа белестерді бағындыруға жетелейсіздер! Ақын Генрих Гейне: «Әйелдер тарихты жасайды, бірақ тарих тек ерлердің есімдерін есте сақтайды» деген екен. Бұл нағыз шындық. Ұлы даланың әйелдері батырлардың, ұлы істер жасаған қаһармандардың тұтас бір буынын бесікте тербеп қоғамымыздың дамуына мол үлесін қосты. Біздің еліміздің тарихы, бұл тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстанның дамуына ерлермен теңдей үлес қосып, тұтас батырлар буынына тәлім-тәрбие беріп өсірген әйелдер, қыздар, әжелеріміздің кесек тарихы.
Сіздер күн сайын біздің өмірімізді жандандырасыздар! Біз Сіздердің мейірлі пейілдеріңізді, еселі еңбектеріңіз бен ыстық ықыластарыңызды шексіз бағалаймыз. Сіздердің қоғамның дамуына, адамдар арасындағы байланысты күшейтуге қосқан еңбектеріңіз ерен. Сіздердің арқаларыңызда мына әлем мейірімді, ізгі, бақытты. Ұлы американдық жазушы, «Қара бидайдағы тұңғиық» кітабының авторы Джером Салингер «Еркектің мойнына оралған мейірімді әйелдің қолдары – оған көктен тағдыр тастаған құтқару жолы», – деп баса айтқан. Халықаралық әйелдер күні мерекесінде өмірімізге қосқан зор үлестеріңіз үшін шексіз ризашылығымызды білдіреміз.
Бізге өз іс-әрекетіміз арқылы әйелдерге деген лайықты құрмет пен қолдауды көрсету маңызды. Бұл бәрімізді жарқын және қауіпсіз болашаққа әкелмек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, әйелдеріміздің жетістіктері еліміздің барлық азаматтарға қуатты серпін беріп, жастарға үлгі-өнеге болады. Қазақстандық әйелдердің даналығы, энергиясы, жасампаз еңбегі барлығымызға кез келген қиындықтарды еңсеруге және күрделі сын-қатерлерге лайықты төтеп беруге септігін тигізбек. Сіздер тіпті сын сағаттарда да, ерлерден қалыспай, төзімділік таныта отырып, риясыз күлкілеріңізбен әлемді жарқырата түсесіздер.
Қазақстанның 250 мың дәрігерінің 70 пайызы — әйелдер қауымы. Олар коронавирустық пандемиямен күресте маңызды рөл атқарған біздің дәрігерлер мен медбикелер, вакциналарды жасаушылар және денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері, қазақстандықтардың өмірін сақтап қалған негізгі ұйымдардың маңызды қызметкерлері.
Әйелдер қауымын тек мереке күндері ғана емес, жыл бойы шаттыққа бөлесек артықтық етпейді. Сіздерге жылдың әр күні ұлдарыңыз, күйеулеріңіз, ағаларыңыз, әкелеріңіз бен аталарыңыз жылы лебіздерін арнасын. Көгілдір көктемнің шуақты мерекесінде Сіздерге әр күнімізді қуанышқа бөлегендеріңіз, бізге және балаларымызға берген мол сүйіспеншіліктеріңіз үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Осындай көрікті қалыптарыңыздан таймаңыздар! Сіздерге күш-қуат, қажырлы қайрат және отбасыларыңызға құт-береке, бақыт тілеймін.