Қазақ ұлттық медицина университетінің дипломын 546 болашақ фармацевт алды
Қазақ ұлттық медицина университетінде түлектерге дипломдарды табыстау салтанаты өтуде. «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» мамандығы бойынша 546 студент бакалавриатта оқуын тәмамдады. Дипломдар Университеттің «Конкордия» театрында табысталды. Аталмыш мамандықтың 10 түлегіне оқуын үздік аяқтағаны үшін қызыл диплом берілді. Түлектерді осы мерейлі күнмен құттықтай отырып, ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов мемлекеттік ауқымдағы стратегиялық мәселелерде фармацевтика саласы мамандарының жұмысының ерекше маңыздылығын атап өтті.
«Дені сау ұлт» ұлттық жобасының тұтас бір бағыты фармацевтикалық саланы дамыту мәселелеріне арналған және бұл біздің жұмыстарымыздың және сіздердің дипломдарыңыздың маңыздылығын көрсетеді, өйткені осы бағдарламаны сіздер ертең жүзеге асырасыздар. Тамаша студенттік жылдар, бірақ олар, мүмкін біреуге байқалмай өтіп кеткен шығар, әрине, көптеген толқынысты, бақытты, есте қаларлық сәттер болды. Бірақ бүгін бұл күндер артта қалмақ, ал сіздердің алдарыңызда жарқын болашаққа кесек жол салынбақ. Бүгін сіздер белгілі бір кезеңді еңсердіңіздер және ертеңде сіздерге түлектер ретінде де, болашақ магистранттар мен докторанттар ретінде де университетіміздің есігі әрқашан ашық болады деп айтқым келеді», – деді ректор түлектерге.
Марат Шоранов жас мамандарға жылы лебізін білдіріп, қол жеткізген нәтижелермен ешқашан тоқтап қалмауды, әрдайым өз білімі мен қабілетін жетілдіруді тіледі.
«Ел басшылығы біздің алдымызға қойған барлық тапсырмаларды осы залда отырған студенттер абыроймен жүзеге асырады деген сенімдімін. Мен сіздерге қол жеткізген жетістіктеріңізге тоқталмай және бүгінгі дәрігер, медицина қызметкері үнемі білім алуға және білімін жетілдіруге міндетті екенін айтқым келеді. Яғни, біз әрқашан даму үстінде болып, тек алға жылжуымыз қажет. «Бізге қоғам ең құнды денсаулығы мен өмірін сеніп тапсырады», – деп атап өтті ҚазҰМУ ректоры.
ҚазҰМУ Фармация мектебінің тарихы 1951 жылдан бастау алады. Қазір бұл факультет университеттегі ең ауқымды факультеттің бірі. Болашақ мамандарды оқыту түрлі мамандықтар бойынша жүргізіледі. Фармация мектебі Қазақстанның және шет елдердің жетекші фармацевтикалық кәсіпорындарымен ынтымақтаса отырып, фармацевтикалық саланы дамыту үшін жоғары білікті кадрларды дайындайды. 2017 жылдан бастап 5В110300 «Фармация» мамандығы бойынша жоғары және орта білім базасында жеделдетілген және қысқартылған оқыту нысаны бойынша студенттерді қабылдау жүргізіледі.