«АҚСАЙ» БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНДА 7 БҮЛДІРШІНГЕ ЕСТУДІ ҚАЛЫПҚА КЕЛТІРУ ОПЕРАЦИЯСЫ ЖАСАЛДЫ
Алматыда Қазақ ұлттық медицина университетіне қарасты «Ақсай» клиникалық балалар ауруханасында бірегей операция жасалды.
Енді аймақтардан келген 7 бала айналадағы дыбысты өз құлағымен еститін болады. Бір ай бұрын олардың бас сүйегіне сүйек өткізгіштік есту аппараты қойылған болатын. Бүгін дәрігерлер құрылғыны аудиопроцессорға қосты.
5 жастағы Сырым Сәрсембайды атасы мен апасы Қызылордадан алып келген. Операцияның орыны толық жазылған соң дыбыс құрылғысын қостыруға асықтық, дейді олар. Сырымның екі құлағының қалқаны туғаннан жоқ. Естімегендіктен сөйлеу қабілеті де дамымаған. Бүгін ол айналадағы дыбысты естіп, дәрігердің айтқанын қайталады. – Сырым менің атым… Сәрсенбай Алмасбаев,
Сырымның атасы: – Жақсы естіп тұр. Енді әрі қарай үйренісіп кететін шығар дейміз. Бірден бола қоймайды ғой. Дыбыстың қайдан шыққанын толық бірден аңғара алмай тұр. Бірақ жақсы 100 пайыз естіп тұр бала. Аппарат арқылы жақсы естіп тұр. Әрі қарай жақсы болып кететін шығар дейміз.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл балаларда ішкі құлақтың есту нервісі сақталған. Сондықтан имплант сүйектің қалыңдығына орнатылған. Ал сүйек дыбысты ішкі құлаққа береді, соның арқасында бала естиді. Құрылғыны қосу кезінде өткір дыбыстар балаға ыңғайсыздық тудырмауы үшін дыбыс параметрлері реттелді.
Мария Кириллова, сурдолог-дәрігер: – Балалар қатардағы адамдар сияқты естиді, расында олардың есту қабілеті толығымен қалпына келтірілді. Болашақта олар балабақшаларда, жалпы білім беретін мектептерде білім алып, жоғары оқу орындарына түсе алады. Дыбыс есту жағынан ешқандай шағымдар болмайды. Әрине, алдағы уақытта баланың сөйлеуін жақсарту үшін сурдопедагог-логопедтің көмегі қажет. Сүйек өткізгіштік имплантын қою операциясының құны 5 миллион теңгеден асады. Бірақ арнайы мемлекеттік бағдарлама аясында бірегей имплант балаларға тегін қойылады. Статистикаға сәйкес, елімізде жыл басынан бері 86 бала құлақтың туабітті ауытқуымен дүниеге келген. Жыл соңына дейін олардың 19-ына есту қабілетін қалпына келтіретін құрылғы қойылады.
Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/568976-a-saj-balalar-aurukhanasynda-7-b-ldirshinge-estudi-alyp-a-keltiru-operatsiyasy-zhasaldy
Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на www.24.kz