ҚазҰМУ студенттеріне SAUFOOD-тан дәмді әрі пайдалы тағам таратылды: болашақ дәрігерлерге тегін түскі ас Эндаумент қорының қолдауымен ұсынылды
Бүгін Қазақ ұлттық медицина университетінің жатақханаларында Тәуелсіздік күніне орай студенттерге тегін тағам үлестірді.
ҚазҰМУ Эндаумент қорының қолдауымен жатақханада тұратын студенттерге SAUFOOD компаниясының тағамдары таратылды. Еліміздің 16-желтоқсан Тәуелсіздік мерекесіне орай және студенттердің емтихан аралығында дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды.
Біз медициналық маман иелері болғандықтан дұрыс тамақтануды ең бірінші өзімізден бастауымыз керек. Әрі Тәуелсіздік күні қарсаңында студенттердің бір реттік болсын көмек ретінде Эндаумент қорымыздың инсиативасымен ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар, бұл тағамдарды студенттер дайындауға уақыт жоғалтпайды. Қазіргі емтихан, аралық бақылау аралығында жылдам әрі пайдалы тағам түрін пайдаланғаны абзал. Біздің университетіміздің ең басты мақсаты – студенттерге ыңғайлы жағдай жасау, – деп атап өтті ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов.
Осы уақытқа дейін ҚазҰМУ Эндаумент қоры оқу корпустарын, жатақханаларды, университеттік клиникаларда модернизациялау жобаларына белсенді қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ, ғылыми жобаларды қаржыландырумен айналысады. Профессор, ҚР ҰҒА академигі, Эндаумент қорының төрағасы Мырзакәрім Алшынбаев:
– Бүгін Эндаумент қорынан қаржы бөлініп үлкен акция ұйымдастырып отырмыз. Біз де студент болдық, сондықтан жақсы білеміз. Емтиханға жақсы дайындалсын деген ниетпен жасалып отыр. Келе жатқан Тәуелсіздік күні құтты болсын! Оқуда үздік болыңдар! – деп құттықтау тілегін жеткізді.
Қазіргі уақытта ҚазҰМУ жатақханаларында 3304 студент тұрады. Олардың 400-ден астамы шетелдік студенттер. Бұл мерекелік акция жатақханада тұратын барлық студенттерді қамтиды.