Көрнекті дәрігер, ғалым және ұстаз Сағдық Саин Сағдықұлы өмірден озды
82 жасқа қараған шағында елімізге белгілі радиолог-ғалым, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор, жоғары санатты рентгенолог, көрнекті дәрігер және ұстаз Сағдық Саин Сағдықұлы өмірден озды.
Сағдық Саин Сағдықұлы 1943 жылы 6 ақпанда Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Тасқабақ ауылында дүниеге келген. Ғұмырын отандық онкология және радиология салаларының дамуына арнап, 1970 жылдан бастап Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында еңбек етті. Ол осы мекемеде кіші ғылыми қызметкерден бастап радиология бөлімінің меңгерушісіне дейінгі жолды жүріп өтті.
Ғалымның ғылыми ізденістері мен енгізген емдік әдістері өкпе, өңеш, жұтқыншақ және жатыр обырын сәулелік терапиямен емдеу тиімділігін едәуір арттырды. Мыңдаған науқасқа өмірін ұзартуға және оның сапасын жақсартуға мүмкіндік берілді.
Ғылыми қызметпен қатар Саин Сағдықұлы С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде ұзақ жылдар бойы дәріс оқыды. Ол бұл оқу орнында ассистент, доцент, профессор қызметтерін атқарып, 2008 жылы университет Ғылыми кеңесінің шешімімен профессор ғылыми атағына ие болды.
Педагогикалық қызметі барысында ол қазақ тіліндегі медициналық білім мен әдебиетті дамытуға зор үлес қосты: сәулелік терапияға қатысты негізгі тарауларды қазақ тіліне бейімдеп, студенттерге, интерндер мен оқытушыларға арналған оқу-әдістемелік материалдар әзірледі.
Ғалым 50 жылдан астам уақытын медицина мен ғылымға арнады. Ол 230-дан астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 6 монография, 11 оқулық, 3 әдістемелік ұсыным мен 1 авторлық куәліктің авторы. Қазақ тіліндегі радиологиялық терминологияны қалыптастыру бағытында да баға жетпес еңбек сіңірді.
Көпжылдық адал қызметі үшін түрлі медальдармен, құрмет грамоталарымен марапатталды. Бірақ ең үлкен марапаты – әріптестері, шәкірттері мен емделушілерінің шынайы құрметі мен ризашылығы болды.
С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті және Сәкен Нұғманов атындағы онкология кафедрасының ұжымы марқұмның жары Бағилаш апайға, балаларына, немерелеріне және барлық туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады.
Сағдық Саин Сағдықұлының жарқын бейнесі, ғылымға және адамға деген шексіз адалдығы — оның шәкірттері мен еңбектерінде, еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің тарихында мәңгі сақталады.