ҚазҰМУ магистратурасының 11 білім беру бағдарламасы бойынша түлектерге диплом табысталды
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде магистратураны тәмамдаған түлектерге салтанатты түрде диплом табысталды.
2025 жылы 103 магистрант оқуын сәтті аяқтады. Олардың арасында Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген 7 шетелдік студент бар.
Түлектер 11 білім беру бағдарламасы бойынша академиялық дәреже алды. Атап айтқанда:
- биомедицина, жаһандық денсаулық сақтау, қолданбалы эпидемиология;
- фармацевтикалық өндіріс технологиясы және фармация;
- денсаулық сақтау саласындағы Executive MBA және MBA (Сүлеймен Демирел университетімен бірлескен бағдарлама);
- нутрициология – бұл бағдарлама бойынша биыл алғашқы магистранттар түлеп шықты.
«Университет сіздермен мақтанады. Бастысы, сіздерге үміт артады. Себебі сіздер медицина мен басқару саласында білім алған мамандар ретінде жаңалық әкеліп, ғылым мен денсаулық саласын дамытасыздар», – деді ҚазҰМУ проректоры Ильдар Фахрадиев.
Биылғы магистранттардың көпшілігі өздерін халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конференцияларда үздік қырынан көрсете білді. Олар АҚШ, Түркия, Швеция және ТМД елдерінің жетекші медициналық мекемелерінде тағылымдамадан өтті.
95 жылдық тарихы бар ҚазҰМУ бүгінде ұлттық және халықаралық рейтингтерде тұрақты түрде жоғары көрсеткіштерге ие. QS Asia аймақтық рейтингінде университет Азияның үздік 350 жоғары оқу орны қатарына енді.
Webometrics мәліметтері бойынша, ҚазҰМУ Қазақстанның үздік 5 ЖОО қатарына кіреді және цифрлық көрсеткіштер бойынша да айтарлықтай серпін көрсетіп отыр.
«Атамекен» 2025 ұлттық рейтингісінде ҚазҰМУ «Медицина», «Стоматология», «Мейіргер ісі» және «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» бағыттары бойынша көш бастады.
Ad Scientific Index рейтингінде университет Қазақстанда — 5-орында, Азияда — 1 417-орында, ал әлемдік деңгейде үздік 4000 университеттің қатарында. Бұл — университет ғалымдарының жарияланым белсенділігі мен дәйексөз деңгейінің жоғары екенінің айғағы.