Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев ҚазҰМУ-ға келдi
Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде болды.
Университет ректоры Марат Шоранов қонақты кампус бойынша алып жүріп, ҚазҰМУ-дың ауқымды инфрақұрылымдық жаңғырту нәтижесінде іске қосылған жаңа нысандарды таныстырды:
- Студенттерге қызмет көрсету орталығы
- Тестілеу орталығы
- Б.А. Атчабаров атындағы іргелі және профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институты
- Жаңғыртылған қалыпты физиология кафедрасы
- Жаңартылған Даңқ залы
Бұл жобалар университеттің халықаралық стандарттарға сай заманауи білім беру және ғылыми орта қалыптастыру жолындағы айқын қадамын көрсетеді.
Сонымен қатар, вице-министрдің сапары аясында ANaMed Forum – New Generation 2025 форумы шеңберінде студенттік стартап-жобалардың көрмесі ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетсек, биыл маусым айында ҚазҰМУ қабырғасында ірі көлемді ANaMed AI Challenge атты AI-хакатон өткен болатын. Онда командалар жасанды интеллектті медицинаға енгізудің түрлі инновациялық шешімдерін таныстырып, бірқатар жобаға 5 миллион теңгеге дейін қаржыландыру берілген еді.
Көрме барысында қатысушылар жасанды интеллекттің диагностиканы жетілдірудегі, жеке емдеу тәсілдеріндегі, телемедицинаны дамытудағы және медициналық инфрақұрылымды жақсартудағы қолданылуын көрсетті. Хакатон жеңімпаздары өз шешімдерін енгізу үшін сарапшылар тарапынан қолдау мен бағасын алды.
Бұл бастамалар университеттің тек білім беру ортасын жаңғыртуға ғана емес, сонымен бірге медициналық инновациялар экожүйесін дамытуға, жас технологиялық командаларды қолдауға және академия мен стартаптар арасындағы байланысты нығайтуға ұмтылысын айқын көрсетеді.