ҚазҰМУ мен ДДСҰ иммунопрофилактика мәселелері бойынша болашақ дәрігерлерді даярлауды жетілдіруді талқылады
2026 жылғы 21 қыркүйекте С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының консультанттары келді. Сапардың негізгі мақсаты – білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңарту бағытындағы ілгерілеуді бағалау және медициналық жоғары оқу орындары студенттерінің иммунопрофилактика мәселелері бойынша даярлығын жетілдіру жөніндегі алдағы қадамдарды талқылау.
Кездесуге ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Ф.Н. Ержанова, ДДҰ консультанттары Г.О. Абуова және Б.Н. Бабаева, ҚазҰМУ басшылығы, мектептер мен факультеттердің декандары, білім беру бағдарламалары мен бейінді кафедралардың басшылары қатысты.
Кездесу барысында медициналық білім беруді жетілдіру мәселелері талқыланып, болашақ дәрігерлерді иммунопрофилактика саласында тиімді жұмыс істеуге даярлаудың өзектілігіне және тиісті құзыреттерді медициналық білім берудің әртүрлі кезеңдеріндегі білім беру бағдарламаларына кіріктіру қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Сапардың практикалық бөлігінде Алматы қаласындағы №17 қалалық емхананың базасында педиатр-дәрігер интерндерге арналған «Иммундау кезіндегі тұлғааралық коммуникациялар» тақырыбындағы семинарлық сабаққа қатысу ұйымдастырылды. Сабақтан кейін ДДҰ консультанттары профессор-оқытушылар құрамымен бірлесіп, сабақтың мазмұны мен оқыту әдістемесін, сондай-ақ білім алушыларды даярлаудың практикаға бағдарланған тәсілдерін одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесудің негізгі мәселелерінің бірі – иммунопрофилактика бойынша білім беру бағдарламаларын жаңартудың қазіргі жағдайын талқылау болды. Қатысушылар білім беру үдерісін ұйымдастырудың аспектілерін және оқыту мазмұнын одан әрі жетілдіру бағыттарын қарастырды.
Талқылауға Медицина мектебінің, академик К.С. Ормантаев атындағы Педиатрия мектебінің, Х.Д. Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің және Дипломнан кейінгі білім беру факультетінің кафедралары қатысты.
Кездесудің пәнаралық форматы иммунопрофилактика бойынша оқытуды бір ғана пәннің жекелеген компоненті ретінде емес, болашақ дәрігердің бірқатар маңызды құзыреттерін қамтитын кешенді бағыт ретінде қарастыруға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, вакцинация қағидаттары мен вакцинамен басқарылатын инфекциялардың эпидемиологиясын білу, клиникалық аспектілер, пациенттермен және ата-аналармен тиімді коммуникация орнату, сондай-ақ иммундауға деген сенімді қалыптастыру мәселелері қарастырылды.
Сапар қорытындысы бойынша қатысушылар білім беру бағдарламаларын одан әрі жетілдіру және бейінді кафедралар мен білім беру бағдарламалары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі келесі қадамдарды талқылады.
Бұл жұмысты жалғастыру болашақ медицина мамандарында иммунопрофилактика саласында заманауи, ғылыми негізделген және практикаға бағдарланған құзыреттерді қалыптастыруға ықпал ететін болады.

























