Алматыда көрнекті дәрігер, денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушысы Есентай Тәжиевпен қоштасты
Бүгін С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері Есентай Бөдесұлы Тәжиевпен қоштасу рәсімі өтті. Қоштасу рәсімі студенттік «Concordia» театрында ұйымдастырылды.
Белгілі хирургты, білікті ұйымдастырушыны және ұстазды ақтық сапарға шығарып салуға жүздеген адам жиналды. Қоштасуға Алматы қаласының медицина қауымдастығы толық дерлік қатысты. Ауруханалар басшылары мен дәрігерлер, ҚазҰМУ қызметкерлері, оқытушылары мен студенттері, Денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері келді.
Есентай Бөдесұлының еңбек жолы жарты ғасырдан аса уақытты қамтиды. Ол кәсіби қызметін 1960-жылдары санитар болып бастап, кейін медицина қызметкері ретінде еңбек етті. Жоғары оқу орнын тәмамдап, интернатурадан өткен соң 1975 жылдан бастап хирург дәрігер ретінде жұмыс істеді, хирургиялық бөлімшені басқарды, Орталық қалалық клиникалық ауруханада бас дәрігердің хирургия жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
1986–1996 жылдары Алматы қалалық №1 клиникалық ауруханасын басқарды. Ал 1996 жылдан 2012 жылға дейін 16 жыл бойы Орталық қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері болды. Кейін Алматы дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында проректор қызметін атқарды. Соңғы жылдары ҚазҰМУ-дың омбудсмені болды.
Практикалық және басқарушылық қызметімен қатар Есентай Бөдесұлы ғылыммен де жүйелі түрде айналысты. 1991 жылы кандидаттық, 1997 жылы докторлық диссертациясын қорғап, 2000 жылы профессор ғылыми атағын алды. Ол қоғамдық-саяси өмірге де белсенді араласты. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, сондай-ақ Алматы қалалық мәслихатының депутаты ретінде 18 жыл қызмет атқарып, әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі комиссияны басқарды.
Есентай Бөдесұлының еңбегі жоғары мемлекеттік наградалармен бағаланды. Ол «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» атағына ие болып, «Парасат» орденімен, «Барыс» орденінің II және III дәрежелерімен марапатталған.
Есентай Тәжиевтің өмірден озуы отандық медицина үшін орны толмас ауыр қаза. Оның есімі Алматы қаласының денсаулық сақтау тарихында мәңгі сақталады. Жарқын бейнесі мен тағылымды жолы оны таныған, бірге еңбек еткен және тәлім алған жандардың жадында сақталып, кейінгі буынға өнеге болып қала береді.















































































