Ұстаздарға мың алғыс: ҚазҰМУ ұстаздар күні мен қарттар күнін атап өтті
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде дәстүрге айналған Ұстаздар күні мен Қарттар күні мерекесі «Ұстаздарға мың алғыс» атты шара аясында өтті.
Бағдарлама барысында ардагерлерге арналған мерекелік дастархан жайылып, ректор Марат Шоранов бастаған студенттер мен оқытушылар «Ұстазыма» ескерткішіне гүл шоғын қойды. Мерекенің негізгі бөлігі «Concordia» театрында ұйымдастырылған салтанатты концертке ұласып, ардагер ұстаздарға сый-құрмет көрсетіліп, марапаттар табысталды.
Өз сөзінде ректор:
«Бүгінгі университетіміздің абыройы мен қуаты – ең алдымен ұстаздарымыздың еңбегінің жемісі. Қазір оқу орнымызда төрт жүзден астам зейнеткер ұстаз еңбек етіп жүр. Олардың тәжірибесі мен парасаты – әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті университет құру жолындағы басты байлығымыз» – деп атап өтті.
ҚазҰМУ үшін ұрпақтар сабақтастығы мен ұстазға деген құрмет бұл университеттің рухани негізі, корпоративтік мәдениетінің тірегі. Ұстаздар мен ардагерлердің арқасында университет өз құндылықтарын сақтап, болашаққа сенімді қадам басып келеді.