ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов магистранттар мен докторанттарға дәріс оқыды
Кеше ҚазҰМУ-да Қараша оқулары аясында ректор Марат Шоранов магистранттар мен докторанттарға кәсіби көшбасшылық туралы дәріс оқыды.
Дәрісте дәрігердің, зерттеушінің және әкімшінің клиникада, зертханада және университетте көшбасшылықты қалай қалыптастыра алатыны түсіндірілді. Ректор көшбасшы мен менеджердің айырмашылығын, жеке үлгінің маңызын, командадағы сенім мәдениетін және реактивті әрекеттен проактивті басқаруға көшудің қажеттігін нақты көрсетті.
«Көшбасшылық – бұл жауапкершілік пен сенім. Нағыз көшбасшының міндеті соңынан ерушілерді көбейту емес, жаңа көшбасшыларды қалыптастыру», – деді Марат Шоранов.
Дәрісте уақытты тиімді басқару, міндеттерді дұрыс бөлу, өзгерістерді жоспарлы енгізу, мақсаттарды нақты өлшенетін нәтижелерге айналдыру, басшының өз шешімдерін бағалай білуі және қателермен жұмыс істеу сияқты тақырыптар қарастырылды. Сонымен бірге денсаулық сақтау жүйесіндегі реактивті, инициативті және проактивті әрекет үлгілері, үздіксіз білім алу мәдениеті талқыланды.
Ректор теориялық ұғымдарды университеттің нақты жобаларымен байланыстырып түсіндірді. Ол ғылыми-технологиялық экожүйені дамыту, жас зерттеушілерді қолдау, оқу және клиникалық инфрақұрылымды жаңарту, заманауи тестілеу орталығын және студенттерге қызмет көрсетудің «бір терезе» форматындағы орталығын ашу, симуляциялық оқытуды және клиникалық базаларды кеңейту бағыттарын атап өтті. Бұл бастамалар жауапкершілік ала алатын, білімді тез практикаға енгізе білетін мамандарды даярлауға жағдай жасайды.
Марат Шоранов проактивті тәсілдің «өрт сөндіру» тактикасынан неге тиімді екенін де көрсетті: алдымен болжам жасалады, кейін команда мен процестер алдын ала дайындалады. Дәрістің жеке бөлігінде уақытты басқару, міндеттерді бөлу, өзгерістерді жоспарлау және идеяларды нақты нәтижеге айналдыру тәсілдері түсіндірілді.





















