Балалардың ерте дамуы мәселелерін интеграциялау мен әріптестікті нығайтудың маңыздығы
С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті педиатрияны дамыту мәселелері мен балалардың денсаулығы мен дамуы саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында ЮНИСЕФ делегациясын қабылдады. Делегация құрамында Еуропа және Орталық Азия бойынша ЮНИСЕФ аймақтық офисінің ерте балалық шақтағы даму жөніндегі маманы Александра Джович, патронаждық қызмет бойынша аймақтық офис кеңесшісі Зорица Трикич, сондай-ақ Қазақстандағы ЮНИСЕФ офисінің денсаулық сақтау және тамақтану бағдарламаларының жетекшісі Бауржан Жүсіпов болды.
Қабылдаушы тарап ретінде ҚазҰМУ-дың бірінші проректоры Диляра Радиковна Кайдарова мен Педиатрия мектебінің профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Кездесу барысында педиатр мамандарын және басқа да дәрігерлерді даярлау кезінде балалардың ерте дамуы мәселелеріне назар аудару арқылы педиатрияны дамыту, Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің балалардың денсаулығы мен дамуы мәселелері бойынша атқарып жатқан жұмыстары, оның ішінде Ерте дамуды бақылау жөніндегі нұсқаулықты енгізу және осы үдерістегі ҚазҰМУ-дың рөлі сияқты негізгі мәселелер қаралды. Сондай-ақ ЮНИСЕФ пен университет арасындағы болашақ ынтымақтастық перспективалары сөз болды.
Кездесуде балалардың ерте дамуы мәселелерін медициналық білім беру мен тәжірибеге интеграциялау, сондай-ақ Қазақстандағы балалардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсарту үшін халықаралық ұйымдар мен ұлттық білім беру мекемелері арасындағы әріптестікті нығайтудың маңызы ерекше атап өтілді.











