Отан қорғаушылар күнімен!
Құрметті оқытушылар, студенттер, қызметкерлер, ардагерлер!
7 мамыр – ел тыныштығын күзетіп жүрген әскери қызметшілер мен ардагерлерге құрмет көрсетілетін күн. Бұл мереке Отан қорғауды парыз санаған барша азаматтарға ортақ. Осындай жауапты қызметте жүрген әскери дәрігерлердің, фельдшерлер мен мейіргерлердің еңбегі әрдайым ерекше құрметке лайық.
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті үшін Отан қорғаушылар күнінің орны ерекше. Себебі медицина тарихы мен ел қорғау ісі әрдайым өзара сабақтас ұғымдар болып келеді. Университет қабырғасынан даярланған офицерлер мен әскери медицина мамандары осы жауапты жолда елге адал қызмет етіп келеді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында университеттің 248 студенті мен оқытушысы майданға аттанды. Университеттен білім алған екі мыңнан астам дәрігер майдан даласында, әскери госпитальдер мен эвакуациялық пункттерде жаралыларға медициналық көмек көрсетіп, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалды. Олар қолына қару алмаса да, кәсіби білімі мен табандылығы арқылы Жеңіске үлкен үлес қосты. Сол жылдардағы медицина қызметкерлерінің жанқиярлығы дәрігер мамандығының қаншалықты үлкен жауапкершілік екенін айқын көрсетті. Адам өміріне араша болу – бейбіт күнде де, сын сағатта да үлкен ерлік.
Бүгінде әскери медицина дәстүрі ҚазҰМУ қабырғасында жалғасын тауып отыр. Университеттің әскери кафедрасы запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлауда маңызды рөл атқарады. Біздің студенттер медициналық білімді әскери дайындықпен ұштастырып, жауапкершілігі жоғары маман ретінде қалыптасуда. Өйткені әскери дәрігерге қойылатын талап әрдайым жоғары.
ҚазҰМУ қабырғасынан елге адал қызмет ететін, мамандығына жауапкершілікпен қарайтын талай білікті маман түлеп ұшты. Бұл университетіміз үшін үлкен мақтаныш.
Мереке күні баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ел тыныштығы мен еңбектеріңізге табыс тілейміз. Халық игілігі жолындағы қызметтеріңіз әрдайым құрметке ие болсын!
Құрметті Отан қорғаушылар, мереке құтты болсын!



