Ұлы Жеңіс күнімен!
Құрметті ҚазҰМУ ардагерлері, оқытушылары, студенттері мен түлектері! Сіздерді Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Бұл қастерлі мереке халқымыздың теңдессіз ерлігі мен қайсар рухының, бірлігі мен Отанға деген адалдығының мәңгілік символы. Бейбіт өмір үшін жанын қиған батырлар алдында басымызды иеміз. Олардың ерлігі мен жанқиярлығы ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Соғыс жылдарының ақиқатын кейінгі буынға жеткізіп жүрген аға буын өкілдеріне зор алғысымызды білдіреміз. Ардагерлерімізге зор денсаулық пен амандық тілейміз.
ҚазҰМУ үшін 9 Мамырдың орны ерекше. Соғыс жылдарындағы университет тарихы ел тағдырымен, майдан мен тылдағы жанқиярлық еңбекпен тікелей байланысты. Ұлы Отан соғысы жылдарында университеттің бас оқу ғимараты №3990 эвакуациялық госпиталь ретінде жұмыс істеді. Оқытушылар күндіз дәріс оқып, кешкісін операция бөлмелерінде еңбек етті. Студенттер жеделдетілген бағдарламамен білім алып, түнгі уақытта жараланған жауынгерлерге көмек көрсетті. Университеттің 248 студенті мен оқытушысы майданға аттанды. Олардың көпшілігі елге оралмады.
ҚазҰМУ батырларының есімдері университет тарихында мәңгілікке жазылды. Кеңес Одағының Батыры, екінші курс студенті Мәншүк Мәметова – ерліктің мәңгілік символы. Сталинград шайқасының қаһарманы, артиллерист Владимир Иванилов небәрі 23 жасында Польша жерінде қаза тапты. 1941 жылғы түлек Халида Мамановa соғыс жолынан өтіп, Берлинге дейін жетіп, кейін медицина ғылымдарының докторы, профессор атанды. Аңызға айналған хирург, кафедра негізін қалаушылардың бірі Виктор Зикеев майдан даласында жүздеген адамның өмірін сақтап қалды. Бұл ҚазҰМУ-дың дәрігер-патриоттар мектебі екенін дәлелдейтін тағдырлардың бір бөлігі ғана.
ҚазММИ-дің Жеңіске қосқан үлесі – отандық медицина тарихындағы ерекше белес. Соғыс жылдары Қазақстан госпитальдарында жараланған сарбаздардың 70–75 пайызы қайта сапқа оралған. Әскери-дала медицинасы тарихындағы бұл жоғары көрсеткішке біздің университеттің ұстаздары мен түлектері де зор үлес қосты. Соғыс жылдарында университет екі мыңнан астам дәрігер даярлап шығарды, олардың төрттен үш бөлігі майданға жіберілді.
1938 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ҚазҰМУ әскери кафедрасы бүгін де осы сабақтастықты жалғастырып келеді. Кафедра медициналық қызмет офицерлерін даярлап қана қоймай, студенттерге кәсіби жауапкершілікпен қатар, елге қызмет ету, кез келген жағдайда көмекке келу секілді адами құндылықтарды дәріптейді.
Жыл сайын Жеңіс күні ҚазҰМУ-дың Даңқ аллеясына барып, ерлікпен қаза тапқан батырларымыздың рухына тағзым етеміз. Майдан даласында жанын қиған, әскери госпитальдарда жаралыларға көмек көрсеткен, елге аман оралып, кейін медицина мен білім саласына өмірін арнаған жандарды құрметпен еске аламыз. Олардың ерлігі мен адал қызметі – бүгінгі бейбіт өмірдің және дәрігерлік мамандықтың биік адамгершілік құндылықтарының айқын үлгісі.
Ардагерлерге тағзым етеміз. Сіздерге және жақындарыңызға зор денсаулық, амандық тілейміз. Елімізде әрдайым бейбітшілік орнап, ашық аспанымыз мәңгі тыныш болсын. Ұлы Жеңістің қандай ауыр бағамен келгенін ешқашан ұмытпайық.
Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!



