ANaMed Forum – New Generation 2026
2026 жылғы 21–22 мамыр күндері С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «AI-Driven Personalization: Medicine & Education» тақырыбына арналған «ANaMed Forum – New Generation 2026» халықаралық форумы өтеді.
Форум жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы персоналдандырылған медицина мен медициналық білім беруді дамытудың заманауи тәсілдерін талқылайтын ауқымды халықаралық алаңға айналмақ.
Форумның басты мақсаты – медицина мен білім беру жүйесіне AI-технологияларды енгізу бағытында тәжірибе алмасу және халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Форум жұмысына әлемнің 23 елінен келген ғалымдар, дәрігерлер, зерттеушілер, оқытушылар мен жас мамандар қатысады. Олардың қатарында Қазақстан, АҚШ, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Испания, Қытай, Түркия, Ресей, Германия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Сербия, Жапония, Литва, Әзербайжан, Беларусь, Польша, Франция, Грузия, Дания, Болгария және Иран елдерінің өкілдері бар.
Форум бағдарламасы аясында 17 секция, үш дөңгелек үстел және төрт сателлиттік іс-шара ұйымдастырылады. Секциялық отырыстар, шеберлік сабақтары мен дөңгелек үстелдер шеңберінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жалпы саны 517 баяндама жоспарланған.
Форумға қатысу үшін ресми сайт арқылы 1014 қатысушы тіркелді. Секциялар мен дөңгелек үстелдердің спикерлері ретінде 517 сарапшы, ғалым және маман сөз сөйлейді.
Форумның негізгі бағыттарының бірі – денсаулық сақтау мен медициналық білім беру саласына арналған инновациялық AI-шешімдерді әзірлеуге бағытталған «ANaMed AI Challenge» хакатоны. Хакатон финалына іріктелген 10 жоба форумның көрме бағдарламасы аясында таныстырылады.
Форум аясындағы маңызды алаңдардың бірі – «Ғылым қоры» АҚ-мен бірлесіп ұйымдастырылатын Технологияларды коммерцияландыру реакторы. Аталған алаңда медициналық технологияларды дамытуға, ғылыми стартаптарды қолдауға және ғылыми зерттеулер нәтижелерін практикалық денсаулық сақтау жүйесіне енгізуге бағытталған 14 инновациялық жоба ұсынылады.
Жас ғалымдарға арналған жүлделі байқаулар мен қолдау бағдарламалары ұйымдастырылады.
«ANaMed Forum – New Generation 2026» кәсіби диалогты дамытуға, білім және тәжірибе алмасуға, сондай-ақ жаңа ғылыми және білім беру серіктестіктерін қалыптастыруға ықпал ететін маңызды халықаралық алаңға айналады.
Форум туралы толық ақпарат: anamed.kaznmu.edu.kz



