«Неврологияның өзекті мәселелері: білім беру мен клиникалық тәжірибеге фокус» атты Халықаралық конгресс
Құрметті әріптестер!
«Неврологтар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі және «С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КЕАҚ жүйке аурулары кафедрасы World Stroke Organization ұйымымен бірлесіп, Сіздерді «Неврологияның өзекті мәселелері: білім беру мен клиникалық тәжірибеге фокус» атты Халықаралық конгреске қатысуға шақырады.
Конгресс 2026 жылғы 29–30 мамырда Алматы қаласында, Сейфуллин даңғылы, 506/99 мекенжайы бойынша өтеді.
Конгресс Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласындағы іс-шараларды ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі медиажоспарға енгізілген (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 30 қаңтардағы бұйрығына 1-қосымша).
Бұл конгресс Қазақстан мен Орталық Азияның медициналық қауымдастығы үшін теңдессіз оқиға болмақ.
Алғаш рет Қазақстанда және Орталық Азия өңірінде инсультпен күрес жөніндегі Дүниежүзілік ұйымның (World Stroke Organization, WSO) қазіргі басшылары мен неврология және инсультология саласының әлемдік жетекші сарапшылары бір алаңда бас қосып, неврологиялық ауруларды диагностикалау, емдеу, алдын алу және оңалту бойынша халықаралық заманауи тәсілдерді талқылайды.
Конгресс жұмысына WSO-ның жетекші халықаралық сарапшылары қатысады: WSO президенті, неврология профессоры, Христиан медициналық колледжінің директоры доктор Джейяраж Дурай Пандиан (Пенджаб, Үндістан); профессор Крейг Андерсон — Джордж Институтының ми денсаулығы жөніндегі жаһандық директоры (Австралия), Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінің неврология және эпидемиология профессоры; профессор Валерия Казе — WSO қазынашысы, Саронно ауруханасының (ASST Valle Olona, Италия) неврология және инсульт бөлімшесі; профессор Густаво Сапсоник — WSO вице-президенті, Торонто университетінің инсульт кезіндегі нәтижелер мен шешім қабылдауды зерттеу бөлімінің директоры (Канада).
Конгреске қатысу Сізге әлемдік неврология көшбасшыларымен кәсіби пікір алмасуға, халықаралық клиникалық ұсыныстарды талқылауға, заманауи білім беру тәсілдері мен неврологиялық қызметтің даму перспективаларын қарастыруға бірегей мүмкіндік береді.
Алдын ала тіркелу, конгресс туралы ақпарат және бағдарлама келесі сайтта қолжетімді:
https://conference.neuroassoc.kz/


