ҚазҰМУ-да студенттер қатарына қабылдау салтанаты өтті
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде бірінші курс студенттерін университет қауымына қабылдауға арналған дәстүрлі салтанатты жиын өтті. 2026–2027 оқу жылындағы қабылдау қорытындысы бойынша ҚазҰМУ-ға 3542 білім алушы түсті. Оның ішінде бакалавриатқа 2405, резидентураға 998, магистратураға 110, докторантураға 29 адам қабылданды. Биыл оқуға түскендердің саны өткен жылмен салыстырғанда 207 адамға артты.
Бакалавриаттың негізгі медициналық бағыттарында конкурс жоғары болды. Мемлекеттік грантқа түсу үшін ҰБТ-ның шекті балы «Медицина» мамандығы бойынша 125, «Педиатрия» бойынша 115, «Фармация» бойынша 116 балды құрады. Грант иегерлерінің орташа балы 111-ге жетті.
Салтанатты жиында ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов бірінші курс студенттерін құттықтап, ақ жол тіледі. Ол медицинаға келу үлкен жауапкершілікті қажет ететінін айтып, ғасырға жуық тарихы бар университеттің дәстүріне тоқталды.
«Болашақтарыңызды медицинамен байланыстырып, өмірлеріңіздегі маңызды таңдауды жасадыңыздар. Бүгін дәрігерлікке бастар жолдарыңыз ғасырға жуық тарихы бар ҚазҰМУ-дан басталып отыр. Осы университеттен түлеп ұшқан талай буын адам жанына араша түсіп, медицина ғылымын дамытты, кейінгі буынға білімі мен тәжірибесін үйретті. Енді сол жолды сіздер жалғастырасыздар. Оның алғашқы қадамы университет аудиториялары мен зертханаларында басталып, уақыт өте клиникалардағы еңбекке ұласады», деді ректор.
Университет тарихы туралы сөз қозғаған Марат Шоранов оқу орнына есімі берілген Санжар Асфендияровтың өмірі мен еңбегіне де тоқталды. Ол ғалымның тағдырына арналған тарихи қойылым туралы айтып, спектакль Санжар Асфендияровтың туған күніне орай қайта сахналанатынын жеткізді. Бұл бірінші курс студенттеріне университет тарихын тереңірек танып, оның бастауында тұрған тұлғаның мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.
Ректор медицина университетінде білім алу тиянақтылық пен қатаң тәртіпті, адалдық пен кәсіби жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Студенттерді қиындықтан қаймықпай, ізденуге, ғылыми зерттеулерге атсалысуға және кез келген ақпаратты сын тұрғысынан саралай білуге шақырды.
«Бүгінде медицина өте жылдам өзгеріп жатыр. Жасанды интеллект, генетика, биотехнологиялар, әр науқастың ерекшелігіне қарай ем тағайындау тәсілдері ауруды анықтау мен емдеуге тың мүмкіндіктер ашуда. Қазір жаңалық болып көрінген технология бірнеше жылдан кейін дәрігердің күнделікті жұмысына енуі мүмкін. Сондықтан білім алу университетті аяқтаумен шектелмейді. Дәрігер өмір бойы оқиды. Тағы бір ойды есте сақтаңыздар: жасанды интеллект дәрігердің орнын баспайды. Ал оны сауатты қолдана білетін дәрігердің бұл мүмкіндікті пайдаланбайтын әріптесінен артықшылығы болады», деді Марат Шоранов.
Алдағы жылдары студенттер іргелі және клиникалық пәндерді меңгеріп, жетекші медициналық орталықтарда тәжірибеден өтеді. Университеттің ғылыми жұмыстарына араласып, болашақ мамандығына қажетті білім мен дағды жинақтайды.





















































