Қазақ тіліндегі медицина
Ақбота Мұсабекқызы, «Ana tili»
Елімізде медициналық құжаттама Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен нысандар мен қағидаларға сәйкес жүргізіледі. Елдің тіл саясатына байланысты медициналық құжаттарды жүргізуде мемлекеттік тіл басымдыққа ие болуы керек. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі қазақ тілімен қатар ресми түрде қолданылады. Соңғы жылдары мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында мемлекеттік медициналық ұйымдар құжаттарды қазақ тілінде жүргізуге кезең-кезеңімен көшіп келеді. Дегенмен көптеген клиникаларда екі тіл қатар пайдаланылады, бұл әртүрлі тілде сөйлейтін медицина қызметкерлері мен пациенттер үшін екенін алға тартады.
Қазақша жаза бастаған клиника
Дегенмен С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті КЕАҚ клиникасы алғашқы болып ауру тарихын қазақ тілінде жаза бастады. Ауру тарихы – науқастың денсаулық жағдайы, диагнозы, жүргізілген емдеу шаралары мен олардың нәтижелері туралы толық мәліметтерді қамтитын негізгі медициналық құжат. Бұл құжат дәрігердің клиникалық шешімдерін негіздеуге, емдеу үдерісінің сабақтастығын сақтауға және медициналық көмектің сапасын бағалауға мүмкіндік береді. Сондықтан ауру тарихын дұрыс әрі заң талаптарына сәйкес рәсімдеу денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды міндеттердің бірі.
Ауру тарихында пациенттің жеке мәліметтері, шағымдары, аурудың даму тарихы, өмір анамнезі, объективті тексеру нәтижелері, зертханалық және аспаптық зерттеулер, клиникалық диагноз, емдеу жоспары, жүргізілген ем және аурудың динамикасы көрсетіледі. Құжаттағы барлық ақпарат медициналық терминологияны сақтай отырып, нақты, түсінікті және қысқартуларды орынсыз қолданбай жазылуға тиіс. Ал оның бәрін қазақ тілінде жазу үшін жауапкершілік, медициналық терминдердің қазақ тілінде дұрыс қолданылуы қажет. Ішкі аурулар орталығының бас дәрігері Сәуле Өнербаеваның айтуынша, Асфендияров атындағы университет клиникасында ауру тарихын қазақ тілінде жүргізу тәжірибесі 2026 жылдың мамыр айында енгізілген. Бұл тіл саясаты талаптарын орындау қажеттілігіне байланысты жүзеге асырылады. Қазақ тілінде медициналық құжаттаманы жүргізу медицина қызметкерлерінің мемлекеттік тілді кәсіби деңгейде қолдану дағдыларын дамытуға, ресми іс қағаздарын жүргізуді біріздендіруге мүмкіндік береді.
«Қазір ауру тарихы қазақ тілінде толық толтырылмайды. Негізгі бөлімдері мемлекеттік тілде рәсімделгенімен, қосымша консультациялар мен кейбір тар бейінді мамандардың қорытындылары әлі де орыс тілінде жүргізіледі. Сондықтан медициналық құжаттама аралас форматта толтырылып жүр. Пациенттердің бұрынғы медициналық құжаттарының көпшілігі орыс тілінде болғандықтан, ақпараттың сабақтастығын сақтау үшін екі тілдегі мәліметтермен жұмыс істеуге тура келеді. Бұл тәжірибені енгізу барысында бірқатар қиындықтар кездесті. Атап айтқанда, медициналық терминологияны қазақ тілінде бірізді қолданудың жеткіліксіздігі, кейбір тар бейінді мамандардың қорытындыларын орыс тілінде рәсімдеуі, ақпараттық жүйелердің (DAMU) қазақ тіліндегі мүмкіндіктерінің толық жетілдірілмеуі, медицина қызметкерлерінің қазақ тілінде медициналық құжаттаманы рәсімдеу дағдыларының әртүрлі деңгейде болуы, құжаттарды қазақ тілінде толтыруға кететін уақыттың ұзаруы, медициналық терминдердің бірыңғай бекітілген аудармаларының болмауына байланысты атауларды таңдауда қиындықтардың туындауы», – дейді Ішкі аурулар орталығының бас дәрігері Сәуле Әділжанқызы.
Маманның айтуынша, кейбір зертханалық және аспаптық зерттеулердің нәтижелері автоматты түрде орыс немесе ағылшын тілінде қалыптасады. Басқа медициналық ұйымдардан келетін үзінді көшірмелер, эпикриздер және консультациялық қорытындылар көбіне орыс тілінде болады. Медициналық ақпараттық жүйелердегі дайын шаблондар мен анықтамалықтардың басым бөлігі орыс тілінде жасалған. Дәрігер тағы бірнеше мәселені атап өтті.
«Халықаралық медициналық терминдер мен дәрілік препарат атауларын қазақ тілінде бірізді қолдану мәселесі бар. Медициналық құжаттаманы қазақ тіліне аудару кезінде кейбір терминдердің мағынасы дәл берілмеу қаупі туындайды. Қызметкерлерді жаңа форматқа оқыту және бейімдеу үшін қосымша уақыт пен ресурстар қажет. Құжаттарды рәсімдеу кезінде орфографиялық және терминологиялық қателерді тексеретін арнайы құралдар жеткіліксіз. Әртүрлі бөлімшелерде құжаттарды жүргізу тәжірибесінің біркелкі болмауы да үлкен мәселе. Қазір медициналық терминологияны қазақ тілінде қолдану мәселесі толық шешілмеді. Кейбір медициналық терминдердің қазақ тіліндегі бірыңғай қолданысы әлі де қалыптасып жатқандықтан, құжаттарды толтыру кезінде қиындықтар кездеседі. Қазақ тілінде медициналық құжаттаманы жүргізу мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге ықпал етеді. Алайда қазір пациенттер тарапынан да белгілі бір қиындықтарға ұшырасамыз. Мысалы, ауру тарихындағы диета, емдеу ұсыныстары және медициналық терминдер қазақ тілінде жазылғанда кейбір пациент оның мағынасын толық түсінбейді. Мұндай жағдайда дәрігерлер қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге мәжбүр», – дейді Сәуле Әділжанқызы.
Дәрігердің айтуынша, қазір электрондық денсаулық сақтау жүйелері қазақ тілінде медициналық құжат жүргізуге толық бейімделмеген. Жүйеде қазақ тілінде құжат толтыру мүмкіндігі болғанымен, көптеген шаблондар, анықтамалықтар және автоматты түрде қалыптасатын бөлімдер әлі де орыс тілінде берілген. Кейбір зертханалық және консультациялық қорытындылар да орыс тілінде енгізіледі. Бұл құжаттарды екі тілде жүргізуге және дәрігердің қосымша уақыт жұмсауына әкеледі.
«Бұл тәжірибені еліміздегі басқа медициналық ұйымдарға тиімді енгізу үшін ең алдымен бірыңғай медициналық терминологиялық база қалыптастырылуы қажет. Электрондық денсаулық сақтау ақпараттық жүйелері мемлекеттік тілде толыққанды жұмыс істеуге бейімделіп, барлық шаблондар мен анықтамалықтар қазақ тілінде қолжетімді болуы тиіс. Менің ойымша, ауру тарихын мемлекеттік тілде жүргізуді кеңінен енгізу – мемлекеттік тілдің медицина саласындағы қолданыс аясын кеңейтетін маңызды бастама. Бұл медициналық құжаттаманы мемлекеттік тілде жүргізу тәжірибесін қалыптастырып, ресми іс жүргізуді дамытуға ықпал етеді. Алайда бұл үдерісті қысқа мерзімде толық жүзеге асыру мүмкін емес. Ұзақ уақыт, кезең-кезеңімен енгізу, бірыңғай медициналық терминологияны қалыптастыру, электрондық ақпараттық жүйелерді толық бейімдеу және медицина қызметкерлерін оқыту қажет», – дейді Сәуле Әділжанқызы.
Медициналық терминдерді қазақшалау
Ауру тарихы – науқастың денсаулық жағдайын сипаттайтын медициналық құжат қана емес, қажет болған жағдайда құқықтық маңызы бар ресми құжат ретінде де қарастырылады. Сондықтан оның мемлекеттік тілде сауатты жүргізілуі – тек тілдік талап емес, медициналық қызмет сапасының, кәсіби жауапкершіліктің және құжат ресімдеу мәдениетінің маңызды көрсеткіші. Бұл туралы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты Нағима Әшімбаева айтып берді. Тіл маманының сөзінше, медициналық құжаттың тілі ең алдымен дәлдігімен, бірізділігімен және түсініктілігімен ерекшеленуге тиіс.
«Ауру тарихындағы әрбір термин, диагноз, қорытынды немесе ұсыныс медицина қызметкерлеріне бірдей ұғынықты болуы қажет. Бір ұғымның әртүрлі атаумен берілуі немесе қазақша, орысша терминдердің ретсіз аралас қолданылуы құжаттың сапасына кері әсер етеді. Ауру тарихының құрылымдық бөлімдері – науқастың шағымы, аурудың даму тарихы (анамнез), өмір анамнезі, объективті тексеру нәтижелері, алдын ала диагноз, клиникалық диагноз, қорытынды диагноз, емдеу жоспары және эпикриз – мемлекеттік тілдің нормасына сәйкес жүйелі рәсімделуі тиіс. Бұл жерде мәселе тек сөздерді қазақша аударуда емес, медициналық терминдердің мазмұнын дәл бере білуде жатыр. Тәжірибеде ауру тарихын қазақ тілінде жүргізу барысында жарыспалы қолданыстар мен тілдік ала-құлалық әлі де кездеседі. Кейбір құжаттарда бөлім атаулары қазақша берілгенімен, мәтіннің ішінде орысша немесе халықаралық терминдер ешбір жүйесіз араласып кетеді. Мұндай құбылыс мемлекеттік тілдегі медициналық құжаттың тұтастығына нұқсан келтіреді. Сонымен бірге дәрігер науқастың тілдік ерекшелігін де ескеруі қажет. Қазақ халқы денсаулыққа қатысты жағдайларды көбіне халықтық медициналық таным негізінде сипаттайды. Мысалы, науқас «суық тиіп қалды», «жел өтіп кетті», «денем тітіркеніп тұр» деп айтуы мүмкін. Бұл – ғылыми диагноз емес, халықтың денсаулық туралы қалыптасқан тілдік тәжірибесінің көрінісі. Дәрігер осы мәліметті дәл тіркеп, кейін оны клиникалық тұрғыдан нақтылап, медициналық терминологиямен сәйкестендіреді. Бұл әрі науқастың сөзін құрметтеу, әрі кәсіби медициналық жазылым мәдениетін сақтау. Ауру тарихын мемлекеттік тілде жүргізу дегеніміз – сөздерді жай ғана қазақша жазу емес, медициналық терминдерді ғылыми тұрғыдан дәл қолдану, тілдік норманы сақтау, медициналық құжаттың құқықтық және кәсіби сапасын қамтамасыз ету. Сондықтан ауру тарихының тілі әдеби қазақ тілінің талаптарына да, медициналық терминологияның қағидаттарына да бірдей жауап беруге тиіс», – дейді филология ғылымының кандидаты Нағима Әшімбаева.
Тіл маманың сөзінше, медициналық терминдерді қазақшалаудағы ең өзекті мәселе – жаңа атау жасаудан бұрын, қолданыстағы терминдердің бірізділігі мен ғылыми дәлдігін қамтамасыз ету. Термин – жай ғана сөз емес, ол белгілі бір ғылыми ұғымның дәл атауы. Сондықтан медициналық терминге қойылатын басты талаптар – бірмағыналылық, дәлдік, тұрақтылық және кәсіби ортада бірдей қолданылуы. Қазіргі тәжірибеде жарыспалы қолданыстар әлі де кездеседі. Мәселен, «инфекция» және «жұқпа», «реабилитация» және «оңалту», «ілеспе ауру» және «қосалқы ауру» сияқты атаулар қатар жұмсалып жүр. Мұндай жағдайда мәселе қай атаудың «дұрыс» немесе «бұрыс» екенінде емес. Ең маңыздысы – олардың қолданылу аясын ғылыми тұрғыдан нақтылау.
«Мысалы, «инфекция» – халықаралық медициналық термин. Ол клиникалық хаттамаларда, ғылыми мақалаларда және нормативтік құжаттарда орныққан. Ал «жұқпа» – қазақ тілінің табиғи сөзі, халыққа түсінікті атау. Сондықтан ғылыми мәтінде «инфекциялық ауру» тіркесін қолдану орынды болса, ағартушылық немесе санитариялық-эпидемиологиялық түсіндіру жұмыстарында «жұқпалы ауру» тіркесі анағұрлым түсінікті қабылданады. Бұл жерде екі атауды қарсы қою емес, олардың функционалдық қолданысын айқындау маңызды. Осындай жағдай «реабилитация» және «оңалту» терминдерінде де байқалады. Соңғы жылдары «оңалту» атауы қазақ тілінде орнығып келеді және тілдің ішкі мүмкіндігін тиімді пайдаланудың жақсы үлгісі деуге болады. Дегенмен ресми құжаттарда «медициналық реабилитация» атауының да қолданылуы кездеседі. Сондықтан бұл бағытта да терминологиялық бірізділік қажет.
Жарыспалы қолданыстар тек халықаралық терминдерге ғана қатысты емес. Кейде бір қазақша ұғымның өзі әртүрлі беріледі. Мысалы, тәжірибеде «ілеспе ауру» және «қосалқы ауру» атаулары қатар қолданылады. Осындай жағдайларда медицина мамандары мен тіл мамандары бірлесіп, ұғымның мазмұнын, халықаралық баламасын және клиникалық қолданысын ескере отырып, бір нұсқаны тұрақтандыруы қажет. Терминдерді қазақшалау дегеніміз – барлық халықаралық атауларды жаппай аудару емес. Керісінше, халықаралық ғылыми кеңістікпен сабақтастықты сақтай отырып, қазақ тілінің табиғи мүмкіндігін ұтымды пайдалану. Кейбір терминдер халықаралық сипатымен сақталуы мүмкін, ал кейбір ұғымдар қазақ тілінің өз байлығы негізінде сәтті қалыптасады. Мұнда басты өлшем – ғылыми дәлдік, қолданыс тұрақтылығы және мамандардың ортақ түсінігі.
Сонымен бірге жаңа термин жасағанда халқымыздың байырғы медициналық лексикасын да назардан тыс қалдырмаған жөн. Қазақ тілінде ғасырлар бойы қалыптасқан емшілік тәжірибесіне қатысты көптеген атаулар бар. Олардың барлығын бүгінгі медицина тіліне өзгеріссіз енгізу мүмкін емес, бірақ олардың семантикалық әлеуетін зерттеу жаңа терминжасамға бағыт-бағдар бере алады. Ұлттық терминқор дәл осындай сабақтастық негізінде дамиды.
Қысқасы, медициналық терминологияның сапасы жеке терминдердің санымен емес, олардың ғылыми негізделуімен, бірізді қолданылуымен және кәсіби ортада орнығуымен өлшенеді. Сондықтан терминдерді біріздендіру – бүгінгі қазақ медициналық тілінің ең маңызды міндеттерінің бірі», – дейді Нағима Әшімбаева.
Тіл маманының айтуынша, қазақ тіліндегі медициналық терминология соңғы жылдары айтарлықтай дамыды. Мемлекеттік тілде көптеген медициналық оқулықтар жарық көрді, терминологиялық сөздіктер әзірленді, клиникалық хаттамалар мен нормативтік құжаттардың қазақша нұсқалары қалыптасқан. Бүгінде медицина қызметкерлері қан қысымы, өкпенің қабынуы, жүрек талмасы, т.б. сияқты көптеген терминдерді кәсіби деңгейде қолданып жүр.
«Медицина – жаңарып отыратын ғылым. Бірқатар заманауи бағыттардың дамуы қазақ медициналық терминологиясын да үздіксіз жетілдіруді талап етеді. Сондықтан терминологияны дамыту – бір реттік науқан емес, үздіксіз ғылыми үдеріс. Қазақ медициналық терминологиясын жетілдірудің тағы бір маңызды бағыты – халқымыздың дәстүрлі медициналық лексикасын ғылыми тұрғыдан зерделеу. Қазақтың халықтық медицинасында безгек, көкжөтел, сары ауру, жел шешек, ұшық сияқты ауру атаулары ғасырлар бойы қолданылып келеді. Бұл атаулардың бірқатары бүгінгі әдеби тіл мен медициналық қолданыста да сақталған, ал енді бірқатары тарихи медициналық лексика ретінде халқымыздың дүниетанымын танытады.
Осы тұрғыдан алғанда Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегінің орны ерекше. Бұл еңбекте көптеген ауру атаулары, емдеу тәсілдері және медициналық ұғымдар жүйелі түрде сипатталған. Мысалы, автор ұшықтың зақпалы ұшық, қақпалы ұшық, апталы ұшық сияқты түрлерін ажыратып, олардың белгілерін халықтық медициналық таным негізінде түсіндіреді. Бұл – қазақ даласында медициналық ұғымдарды жүйелеуге деген талпыныстың өте ерте кезеңде-ақ болғанын көрсететін құнды тілдік әрі тарихи дерек.
Халқымызда сынықшы, тамыршы, оташы, тәуіп, дарымшы сияқты емшілікке байланысты кәсіби атаулар қалыптасқан. Бұл атаулар қазіргі медицина мамандықтарының баламасы емес, бірақ қазақтың дәстүрлі медициналық мәдениеті мен кәсіби лексикасының қалыптасқанын айғақтайды. Сондықтан оларды тарихи-танымдық тұрғыдан зерттеу ұлттық терминқордың қалыптасу жолын тануға мүмкіндік береді.
Әрине, мұндай байырғы атауларды бүгінгі клиникалық терминологияға өзгеріссіз енгізу ғылыми тұрғыдан дұрыс болмас. Дегенмен олардың семантикасын, тарихи қолданысын және ұғымдық негізін зерттеу жаңа терминжасамға пайдасын тигізері сөзсіз. Терминтануда сабақтастық қағидаты ерекше маңызды. Ұлттық ғылыми тіл жаңа атаулар жасау арқылы ғана емес, тарихи тілдік мұраны ғылыми тұрғыдан игеру арқылы да дамиды. Қазақ медициналық терминологиясының болашағы екі бағыттың үйлесімінде деп есептеуге болады: бір жағынан – халықаралық медициналық терминдерді ғылыми тұрғыдан біріздендіру, екінші жағынан – халқымыздың дәстүрлі медициналық лексикасының ғылыми әлеуетін зерделеп, ұлттық терминқорды табиғи жолмен байыту», – дейді Нағима Мәсімақұнқызы.
Анығында дәрігерлердің ауру тарихын қазақ тілінде сауатты жүргізуі үшін бірқатар әдістемелік немесе білім беру өзгерістері қажет. Тіл маманының айтуынша, медициналық құжаттаманы мемлекеттік тілде сапалы жүргізу үшін ең алдымен болашақ дәрігердің тілдік құзыретін қалыптастыру маңызды. Қазақ тілін меңгеру тек тұрмыстық қарым-қатынас деңгейінде емес, кәсіби медициналық коммуникация деңгейінде жүзеге асуға тиіс. Сондықтан жоғары медициналық оқу орындарында қазақ тілін оқыту жалпы тілдік пән ретінде ғана емес, кәсіби бағыттағы медициналық қазақ тілі ретінде жүргізілгені жөн. Нағима Мәсімақұнқызының айтуынша, бүгінде студенттер теориялық білім алғанымен, ауру тарихын, эпикризді, жолдаманы, консультациялық қорытындыны немесе медициналық анықтаманы мемлекеттік тілде ресімдеуге арналған практикалық сабақтар жеткіліксіз. Болашақ дәрігер нақты клиникалық жағдайлар негізінде медициналық құжаттарды қазақ тілінде толтыруға дағдылануы қажет. Бұл терминдерді жаттап алумен ғана шектелмейді, оларды дұрыс контексте қолдануды үйретеді.
«Медициналық жоғары оқу орындары мен денсаулық сақтау ұйымдары үшін біріздендірілген медициналық терминологиялық сөздіктер, қазақ тіліндегі клиникалық құжаттардың үлгілері және электрондық анықтамалықтар дайындалуы маңызды. Мұндай құралдар дәрігердің күнделікті жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, терминдердің жарыспалы қолданылуын да азайтады. Тағы бір маңызды мәселе – медицина мамандары мен тіл мамандарының өзара ықпалдастығы. Медициналық терминді тек тілші немесе тек дәрігер жеке қалыптастыра алмайды. Терминнің ғылыми мазмұны медицина мамандарының қатысуымен айқындалса, оның тілдік табиғаты мен қолданыс ерекшелігі тіл мамандарының сараптауымен нақтылануы тиіс. Осындай бірлескен жұмыс қана терминологиялық бірізділікті қамтамасыз етеді.
Біздің ойымызша, медициналық құжатты мемлекеттік тілде сауатты жүргізу – қосымша талап емес, қазіргі дәрігердің кәсіби құзыретінің ажырамас бөлігі. Сондықтан бұл бағыттағы оқыту жүйелі, үздіксіз және тәжірибемен ұштастырылып отыруға тиіс.
Медициналық құжаттаманы толықтай мемлекеттік тілге көшіру – бір күнде орындалатын жұмыс емес. Бұл – құқықтық, терминологиялық, әдістемелік және цифрлық бағыттарды қамтитын кешенді үдеріс.
Ең алдымен, медициналық құжаттардың мемлекеттік тілдегі бірыңғай үлгілері жетілдірілуі қажет. Электрондық денсаулық сақтау жүйелерінде қазақ тіліндегі интерфейс, медициналық терминдердің біріздендірілген базасы және автоматты терминологиялық қолдау жүйесі болуы маңызды. Бұл дәрігердің уақытын үнемдеп, құжаттардың сапасын арттырады.
Екінші маңызды бағыт – медициналық терминдерді жүйелі түрде жетілдіру. Денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып отырғандықтан, жаңа ұғымдар мен жаңа технологияларға қатысты терминдер де тұрақты түрде ғылыми сараптаудан өтіп, ұлттық терминқорға енгізіліп отыруы қажет. Бұл жұмыста медицина мамандары, тілші-терминологтар және салалық терминологиялық комиссиялар тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуі тиіс.
Қазақтың байырғы медициналық лексикасын ғылыми тұрғыдан зерттеуді жалғастырудың да маңызы зор. Халықтық медицинада сақталған атаулар – халқымыздың тілдік және мәдени мұрасы. Олардың ішіндегі ғылыми әлеуеті бар атауларды зерделеу ұлттық терминқорды байытуға мүмкіндік береді. Бұл – өткенді қайталау емес, тарихи тәжірибені қазіргі ғылымның талаптарымен сабақтастыра пайдалану», – дейді Нағима Әшімбаева.
Тіл маманының айтуынша, ең бастысы, мемлекеттік тілдегі медициналық құжат айналымы тек нормативтік талап ретінде емес, медициналық қызмет сапасын арттыратын маңызды фактор ретінде қабылдануы керек. Өйткені ауру тарихы – дәрігер мен пациент арасындағы байланыстың, клиникалық шешімдердің және медициналық көмектің негізгі құжаты. Оның тілі қаншалықты дәл, түсінікті және бірізді болса, медициналық қызметтің сапасы да соншалықты жоғары болады. Мемлекеттік тілдегі медициналық құжаттама – тіл саясатының ғана емес, ұлттық ғылымның, кәсіби медициналық мәдениеттің және сапалы денсаулық сақтау жүйесінің маңызды көрсеткіші. Сондықтан медициналық терминологияны ғылыми тұрғыдан жетілдіру, терминдерді біріздендіру және мемлекеттік тілдің кәсіби қолданыс аясын кеңейту – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі.
Дереккөз: https://anatili.kazgazeta.kz/news/65525



