ҚазҰМУ халықаралық факультетінің 865 түлегіне диплом табысталды
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Халықаралық факультет түлектеріне диплом табыстау салтанатты рәсімі өтті. Бакалавриатты аяқтаған 865 түлек жоғары білім туралы диплом алды. Олардың қатарында Қазақстанның 75 азаматы және 790 шетелдік түлек бар.
Шетелдік түлектердің басым бөлігі Үндістаннан – 595 адам және Пәкістаннан – 179 адам. Сондай-ақ Ауғанстан, Германия, Иордания, Сирия, Мысыр, АҚШ және Канада азаматтарына да диплом табысталды. Алты түлек университетті үздік аяқтаса, сегіз түлек «Үздік түлек – 2026» атағына ие болды.
– Дәрігер болу адам өмірі мен денсаулығына жауапты абыройлы міндет. Бүгін әрқайсыңыз осы мәртебелі мамандықтың лайықты өкілі ретінде кәсіби жолға қадам басып отырсыздар, – деді салтанатты рәсімде ҚазҰМУ проректоры Убайдулла Датхаев.
Университетте білім алатын шетелдік студенттердің саны жыл сайын артып келеді. Бұған ҚазҰМУ-дың халықаралық білім кеңістігіндегі беделі мен білім беру сапасы ықпал етіп отыр. Университет QS Asia University Rankings рейтингінде 345-орынға ие және QS Stars жүйесі бойынша ең жоғары «5 жұлдыз» бағасын алған. Бұл көрсеткіштер ҚазҰМУ-дың халықаралық деңгейде мойындалғанын айғақтап, әлемнің түрлі елдерінен келген талапкерлердің қызығушылығын арттыруда.























































































