«CAOS» ҚазҰМУ командасы халықаралық хирургиялық олимпиадада үздік үштікке енді
2026 жылғы 15–16 мамыр күндері Башқұрт мемлекеттік медицина университеті базасында халықаралық қатысумен өткен «Ресейдің жаңа хирургиялық сын-қатерлері – 2026» атты Бүкілресейлік хирургия олимпиадасы ұйымдастырылды. Ауқымды шара Ресей, Қазақстан және Үндістанның жетекші медициналық жоғары оқу орындарының командаларын біріктіріп, болашақ дәрігерлердің кәсіби білімін, практикалық дағдыларын және клиникалық ойлау қабілетін көрсетуге арналған маңызды халықаралық алаңға айналды.
Олимпиадаға жетекші медициналық жоғары оқу орындарының командалары қатысты, олардың қатарында: И.М. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университеті, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті, Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университеті, Н.И. Пирогов атындағы Ресей ұлттық зерттеу медицина университеті, Академик И.П. Павлов атындағы Бірінші Санкт-Петербург мемлекеттік медицина университеті, Академик Е.А. Вагнер атындағы Пермь мемлекеттік медицина университеті және басқа да оқу орындары болды.
Біздің еліміздің атынан олимпиадаға С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті-нің «CAOS» командасы қатысты. Командаға жалпы хирургия және топографиялық анатомия кафедрасының қауымдастырылған профессоры Абдыкеримова К.Б. жетекшілік етті.
Олимпиада бағдарламасы үш кезеңде өткізілген 16 конкурстық дағдыдан тұрды. Тапсырмалар хирургия саласының кең ауқымын қамтыды — базалық мануалдық дағдылар мен топографиялық анатомиядан бастап күрделі реконструктивті операцияларды орындау мен клиникалық жағдайларды шешуге дейін. Қатысушылар нақты клиникалық тәжірибеге барынша жақын жағдайларда жұмыс істеп, техникалық дайындықтың жоғары деңгейін, клиникалық ойлау қабілетін, стрессқа төзімділікті және командада тиімді жұмыс істеу машығын көрсетті.
Бірінші кезеңде қатысушылар 11 конкурс бойынша сынға түсті. Олардың қатарында: гастропанкреатодуоденалдық резекция, егеуқұйрықтарға реконструктивті пластикалық хирургия, митралды қақпақшаны пластикалау, эндоскопиялық лобэктомия, сіңір тігісі, Янг–Моти операциясы, асқазаннан бөгде затты лапароскопиялық жолмен алу, гистероскопия, трабекулэктомия, УДЗ-навигация, ситуациялық тапсырма, фото- және бейнеконкурс, «Пирогов үстелі» және «Құралдар» конкурстары болды.
Жалпыкомандалық есеп қорытындысы бойынша екінші кезеңге ең мықты 10 команда өтті. Бұл кезеңде қатысушылар шошқаларға «Лапароскопиялық нефрэктомия» операциясын орындады. Үшінші, финалдық кезеңге ең көп ұпай жинаған 5 команда жолдама алды. Финалдық сынақ ретінде шошқаларға «Лапароскопиялық холецистэктомия» операциясы жасалды.
Жарыс қорытындысы бойынша С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті-нің «CAOS» командасы жалпыкомандалық есепте құрметті III орынды иеленіп, Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройын лайықты деңгейде қорғады.
«CAOS» командасы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жекелеген конкурстарда жүлделі орындарға ие болды:
— «Гастропанкреатодуоденалдық резекция» конкурсында I орын — Тұржан Күмісай, Каримов Мустафа, Умаров Давлатбек;
— «Пирогов үстелі» конкурсында II орын — Рустимбекова Камила, Дыренков Артем;
— «Лапароскопиялық холецистэктомия» конкурсында III орын — Каримов Мустафа, Тұржан Күмісай, Тастемір Зере;
— «Трабекулэктомия» офтальмологиялық конкурсында III орын — Есенаман Бекет, Баркинхоев Рустам, Дыренков Артем;
— «Бөгде затты лапароскопиялық жолмен алу» конкурсында III орын — Нурахунов Наиль, Турган Амир, Каримов Мустафа;
— «Құралдар» конкурсында III орын — Эркинова Рухшона, Илес Ермахан.
Осындай халықаралық іс-шараларға қатысу болашақ дәрігерлердің кәсіби құзыреттерін дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және медициналық білім берудің үздік дәстүрлерін сақтауға ықпал етеді.
Олимпиада жоғары деңгейде ұйымдастырылып, хирургия саласындағы жаңа буын мамандарын қалыптастыруға арналған маңызды алаң ретіндегі маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.








