ҚазҰМУ Жалпы медицина мектебінің 527 түлегі интернатураны аяқтады
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Жалпы медицина мектебі интерндеріне диплом табыстау салтанаты өтті. Биыл 527 түлек интернатураны сәтті аяқтап, отандық және халықаралық денсаулық сақтау саласында еңбек етуге жолдама алды.
Интернатура барысында болашақ дәрігерлер төрт негізгі бағыт бойынша білім алды. Түлектердің басым бөлігі терапиялық бағытты таңдады. Осы бейін бойынша 221 маман диплом иеленді. Хирургия бағытын 155 интерн аяқтаса, жалпы практика дәрігері (ЖПД) біліктілігін 102 түлек алды. Акушерия және гинекология бағыты бойынша 49 жас маман оқуын тәмамдады.
Оқу үдерісінде Халықаралық факультетте білім алған интерндерді даярлауға да ерекше мән берілді. Олар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім алып, көптілді ортада кәсіби даярлықтан өтті.
Жас дәрігерлер үшін ұзақ жылдарға созылған оқу, клиникалық тәжірибе және емтихандар кезеңі аяқталды. Интернатура дипломын алу олардың өз мамандығы бойынша дербес еңбек жолын бастауына және мамандандырылған білімін жалғастыруына мүмкіндік береді. Бұл медицина ұйымдарын білікті кадрлармен толықтыруға жол ашады.







































