ҚазҰМУ студенті Шаньдун университетінің Халықаралық жазғы мектебінде ғылыми тағылымдамадан өтті
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Жалпы медицина мектебі – 2-нің 4-курс студенті *Балауса Сейтхан* Қытай Халық Республикасының Шаньдун провинциясының Цзинань қаласында орналасқан Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының бірі – *Shandong University* базасында *2026 жылғы 12–25 шілде аралығында* өткен *2026 International Summer School of Lab Internship on Basic Medical Sciences (ISS-LIBMS)* халықаралық жазғы мектебіне сәтті қатысты.
Халықаралық жазғы мектепке Қазақстан, Ұлыбритания, Франция, Канада, Сингапур, Малайзия, Таиланд, Ресей, Иран, Сомали, Қытай және басқа да 20-дан астам елден келген студенттер мен жас зерттеушілер қатысты. Бағдарламаның негізгі мақсаты – қатысушылардың практикалық ғылыми-зерттеу дағдыларын дамыту, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту және заманауи эксперименттік медицинамен таныстыру болды.
Бағдарламаның ерекшелігі – әрбір қатысушының жеке профессордың жетекшілігімен ғылыми-зерттеу зертханасында тағылымдамадан өтуі. Балауса Сейтхан профессор *Лю Чжаоцзяньнің (Professor Zhaojian Liu, 刘招舰)* зертханасына бекітіліп, молекулалық-биологиялық зерттеудің толық циклін орындауға тікелей қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Тағылымдама барысында студент жасуша дақылдарын өсіру, РНҚ мен геномдық ДНҚ бөліп алу, полимеразды тізбекті реакция (PCR) жүргізу, Western blot талдауын орындау сияқты заманауи зертханалық әдістерді меңгерді. Сонымен қатар жоғары өнімді секвенирлеу нәтижелерін өңдеу және интерпретациялау негіздерімен танысып, ғылыми жетекшілердің жетекшілігімен *R бағдарламалау тілі* арқылы RNA-seq деректеріне биоинформатикалық талдау жүргізді. Осындай кешенді дайындықтың арқасында ол жасуша дақылымен жұмыс істеуден бастап эксперименттік деректерді алу, оларды есептеу арқылы талдау және биологиялық тұрғыдан интерпретациялау кезеңдерінің толық үдерісін меңгерді.
Қарқынды ғылыми-зерттеу даярлығымен қатар бағдарлама қатысушыларға Қытайдың тарихы мен мәдениетін тереңірек танып-білуге мүмкіндік берген мазмұнды мәдени-танымдық іс-шараларды қамтыды. Шетелдік студенттер Конфуцийдің туған жері – тарихи Цюйфу қаласына барып, Конфуций ғибадатханасы мен оның әулетінің резиденциясын аралады, дәстүрлі қытай шай рәсіміне қатысты, қытай тілінің негіздерін меңгеру сабақтарына, тайцзицюань (тайчи) бойынша шеберлік сағаттарына қатысып, халықаралық қарым-қатынас пен тәжірибе алмасуға бағытталған мәдени іс-шараларға белсенді қатысты.
Екі апталық бағдарламаның қорытындысы бойынша Балауса Сейтхан Халықаралық жазғы мектепті сәтті аяқтап, бағдарламаны тәмамдағаны туралы сертификатқа ие болды. Сонымен қатар ол бағдарлама барысында ерекше белсенділігі мен жоғары нәтижелері үшін табысталатын *«Outstanding Intern»* арнайы марапатына лайық деп танылды.
ҚазҰМУ студенттерінің осындай халықаралық білім беру және ғылыми бастамаларға қатысуы олардың кәсіби құзыреттерін дамытуға, заманауи зерттеу технологияларын меңгеруіне, халықаралық академиялық байланыстарын кеңейтуге және жаһандық ғылыми қауымдастықта табысты еңбек ете алатын бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға ықпал етеді.










