ҚазҰМУ-ға Elsevier компаниясының делегациясы келді
2026 жылғы 23 шілдеде С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне ғылыми әдебиеттерді жариялайтын әлемдегі жетекші баспалардың және ғылым, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына арналған цифрлық шешімдерді жеткізушілердің бірі – Elsevier халықаралық компаниясының делегациясы келді. Сапар университеттің халықаралық ынтымақтастығын дамыту және заманауи ғылыми-білім беру ресурстарына қолжетімділігін кеңейту аясында ұйымдастырылды.
Делегация құрамына Elsevier компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы және RELX тобының корпоративтік мәселелер жөніндегі директоры Янгсук Чи (Youngsuk Chi) кірді.
Сапардың басты іс-шарасы Elsevier делегациясының ҚазҰМУ Басқарма төрағасы – Ректоры Марат Едігеұлымен кездесуі болды. Келіссөздерге университет басшылығы мен Халықаралық ынтымақтастық басқармасының өкілдері де қатысты.
Кездесу барысында тараптар ҚазҰМУ мен Elsevier арасындағы серіктестікті дамыту перспективаларын талқылады. Университеттің ғылыми журналдарға, электрондық дерекқорларға және ғылыми қызметті қолдауға, зерттеушілердің жарияланымдық белсенділігін арттыруға, сондай-ақ халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Elsevier компаниясының заманауи цифрлық шешімдеріне қолжетімділігін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты нығайтуға өзара мүдделі екендерін растады және университеттің ғылыми-зерттеу әлеуетін дамытуға ықпал ететін заманауи ақпараттық-талдамалық құралдарды енгізу, ғылым мен білім беру салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі жалғастыруға дайын екендерін білдірді.










