ҚазҰМУ-да «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған «Жарқын болашақ» қалалық профилактикалық форумы өтеді
2026 жылғы 2 қыркүйек күні сағат 11:00-де С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Concordia» театрында 1-курс студенттерінің қатысуымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Жарқын болашақ» қалалық профилактикалық форумы өткізіледі.
Форумның негізгі тақырыбы – «Жастар арасында нашақорлықтың алдын алу және оның алдын алу жолдары».
Іс-шара С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен Алматы қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бірлесіп ұйымдастыруымен өтеді.
Форумның негізгі мақсаты – жастар арасында есірткі құралдары мен психотроптық заттарды қолданудың алдын алу, нашақорлықтың зияны мен оның ауыр салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
Іс-шара барысында жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу, есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, жастарды есірткіге тәуелділіктен қорғау, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланады.
Форумға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу комитетінің басшысы, Алматы қаласы әкімдігі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс жөніндегі бөлімінің өкілдері, Республикалық профилактика кеңесінің, сондай-ақ Алматы қаласы Профилактика кеңесінің басшылары мен өкілдері қатысады.
Іс-шара аясында сарапшылар мен құқық қорғау органдарының өкілдері жастарға есірткінің адам денсаулығы мен қоғамға тигізетін кері әсері туралы ақпарат беріп, есірткі қылмысына қатысты заңнама талаптарын түсіндіреді.
«Жарқын болашақ» форумы – жастардың есірткіге қарсы көзқарасын қалыптастыруға, құқықтық мәдениетін арттыруға және қауіпсіз әрі салауатты қоғам құруға бағытталған маңызды профилактикалық алаң.


