ҚазҰМУ студенттері «Жарқын болашақ» қалалық профилактикалық форумында құқықтық қауіпсіздік мәселелерін талқылады
2 қыркүйекте С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Concordia» театрында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Жарқын болашақ» қалалық профилактикалық форумы өтті.
Форум студенттердің құқықтық мәдениетін арттыруға, жеке және қоғамдық қауіпсіздікке жауапты көзқарасын қалыптастыруға, сондай-ақ жастардың құқық бұзушылықтарға тартылуының алдын алуға арналды.
Іс-шараға ҚазҰМУ әкімшілігінің өкілдері, мектептер мен факультеттердің декандары және декан орынбасарлары, 1-курс студенттері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының, мемлекеттік құрылымдар мен профилактикалық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Форумда ҚР ІІМ Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы комитетінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бахытжан Әмірханов, Алматы қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Батуржан Абдумасаров, Алматы қаласы әкімдігі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс жөніндегі бөлімінің өкілі, профилактика кеңестерінің мүшелері, бұрын сотталғандар қатарындағы волонтер Бахтияр Баксупиев, «Реневал Рехаб» оңалту орталығының бас дәрігері Санжар Тұрсынметов, Алматы қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мәди Құрманжанов сөз сөйледі.
Кездесу барысында жастар арасындағы есірткі қылмыстарының алдын алу, дропперлік, заңсыз қаржылық операциялар, интернет-алаяқтық, ойынға тәуелділік, буллинг және кибербуллинг, сталкинг, қорқыту мен қудалау мәселелері талқыланды.
Спикерлер жастарды есірткі құралдарын таратуға немесе қылмыстық схемаларға тарту қаупіне тоқталып, заңсыз әрекеттердің құқықтық салдарын түсіндірді. Сонымен қатар студенттердің қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыру, интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық және күмәнді ұсыныстарға дұрыс әрекет ету мәселелеріне назар аударылды.
Форумның ерекшелігі — ақпараттық баяндамалармен қатар практикалық кейстер, профилактикалық бейнематериалдар және студенттермен ашық диалог форматтарының қолданылуы болды. Ашық сессия барысында студенттер сарапшыларға сұрақ қойып, құқықтық және қауіпсіздік мәселелері бойынша нақты жауаптар алды.
«Жарқын болашақ» форумы жастардың құқықтық сауаттылығын арттырумен қатар, заңға құрмет, жеке жауапкершілік және қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған профилактикалық жұмыстың маңызын көрсетті.
ҚазҰМУ-да мұндай кездесулерді жүйелі түрде өткізу студенттердің құқықтық мәдениетін нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.


























