2026-2027 оқу жылына қабылданған магистранттар және докторанттармен кездесу
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде жаңа оқу жылының басталуына орай айтулы іс-шара өтті. Жиын аясында 2026-2027 оқу жылына қабылданған магистратура және докторантура білім алушыларымен ресми кездесу ұйымдастырылды. Кездесудің басты қонағы — Қазақ тағамтану академиясының президенті, Америкалық қоғамдық денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі, профессор Алмаз Төрегелдіұлы Шарман болды.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне 2026–2027 оқу жылына магистратура деңгейі бойынша 9 білім беру тобы және 21 білім беру бағдарламалары бойынша 110 магистрант қабылданды. Олардың барлығы бүгінгі қоғам мен заманауи денсаулық сақтау жүйесінде жоғары сұранысқа ие бағыттар болып табылады және докторантураның 5 білім беру бағдарламасы бойынша 29 докторант қабылданды оның ішінде 10 докторант «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ, «А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ, «Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» АҚ мен университет арасындағы консорциумы шеңберінде дайындалады.
Кездесуді ҚазҰМУ-дың бірінші проректоры Диляра Қайдарова ашып, кездесуге қатысушы магистранттар мен докторанттарға құттықтау сөзін арнады: «Сіздерді білім мен ғылымның ең жоғары сатысына қабылдануларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл кезең сіздердің кәсіби және ғылыми өмірлеріңіздегі ең маңызды әрі жауапты қадам. Университетіміз сіздердің іргелі зерттеулер жүргізіп, отандық және әлемдік ғылымға өз үлестеріңізді қосуларыңыз үшін барлық жағдайды жасауға дайын», — деп атап өтті.
Жаңа оқу жылының табысты басталуы үшін төмендегі маңызды ақпараттар мен алғашқы қадамдарға назар аударуларыңызды сұраймыз:
Сәтті бастама үшін маңызды 4 қадам:
- Ғылыми кеңесшіні анықтау мен бекіту. Алғашқы екі ай көлемінде отандық және шетелдік ғылыми кеңесшілеріңізді таңдап, кафедра мәжілісінде бекітуден өткізуіңіз қажет.
- Зерттеу тақырыбын таңдау. Докторлық диссертацияңыздың өзекті бағытын айқындап, оны университеттің Ғылыми кеңесінде ресми түрде тіркеуіңіз керек.
- Жеке жұмыс жоспарын (ЖЖЖ) құру. 3 жылдық оқу кезеңіне арналған теориялық оқу, ғылыми-зерттеу және тағылымдамадан өту жоспарын сызып, ғылыми жетекшіңізбен бірге бекітесіз.
- Академиялық тіркеу.
Университеттің ішкі электронды жүйесіне (порталға) тіркеліп, өз мамандығыңыз бойынша элективті пәндерді таңдауыңыз тиіс.
Сіздерді алда не күтеді?
- Теориялық оқу: Алғашқы кезеңде бағытыңызға сай тереңдетілген академиялық пәндерді меңгеру.
- Ғылыми-зерттеу жұмысы (ҒЗЖ): Зертханаларда жұмыс істеу, халықаралық базалардағы (Scopus, Web of Science) рейтингтік журналдарға мақала жазу және жариялау.
- Педагогикалық және зерттеу тәжірибесі: Университет студенттеріне дәріс беру және зерттеу әдістемелерін іс жүзінде қолдану.
- Шетелдік тағылымдама: Әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарында тәжірибе алмасу және зерттеу базаларымен жұмыс істеу.
Барлық ұйымдастыру сұрақтары бойынша магистратура және докторантура бөліміне (Б. Атшабаров атындағы іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу институтындағы 401 кабинет) хабарласуға болады.
Кездесудің негізгі бөлімінде Қазақ тағамтану академиясының президенті, Америкалық қоғамдық денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі, профессор Алмаз Шарман дәріс оқыды. Дәрісте денсаулық сақтау саласындағы жаһандық өзгерістер, ауру салдарын дәстүрлі жолмен емдеуден «конструктивті денсаулық» тұжырымдамасына көшу және агентті жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері қарастырылды.
Алмаз Шарман магистранттар мен докторанттарға емдік және профилактикалық тамақтануды автоматтандыруға арналған отандық NutriSteppe-AI (Tagam AI) платформасын таныстырды.
– Медицинаға деген көзқарас өзгеріп келеді: ауруды анықтап, оның салдарын жоюға бағытталған тәсілден ағзаның ішкі мүмкіндіктерін іске қосуға көшіп жатырмыз. Жүрек-қан тамырлары аурулары мен қатерлі ісік жағдайларының шамамен 80 пайызының алдын өмір салты мен тамақтану тәртібін жүйелі өзгерту арқылы алуға болады. Алайда цифрлық қолдау болмаған жағдайда пациенттердің диеталық ұсынымдарды сақтау көрсеткіші 30 пайызға жетпейді. Агентті жасанды интеллект бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді, – деді Алмаз Шарман.
NutriSteppe-AI гибридті жүйе бойынша жұмыс істейді: тілдік модель пайдаланушымен байланыс орнатады, ал 27 мың өнім мен өңірлік асхананың 7 мың тағамы енгізілген алгоритм клиникалық есептеулер жүргізеді. Пайдаланушы тағамды суретке түсірсе, бірнеше секунд ішінде оның калориясы, ақуыз, май және көмірсу мөлшері, сондай-ақ микроэлементтер құрамы туралы толық мәлімет алады. Платформа калорияны есептеумен шектелмейді: ол фармакотерапияны толықтырып, емдеу тиімділігін 25–35 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.
Таныстырылым барысында жасанды интеллект арқылы тамақтану рационын 2-типті қант диабеті, артериялық гипертензия және метаболизмдік синдром секілді нақты диагноздарға бейімдеу тетіктері көрсетілді. Алгоритм Дұрыс тамақтану индексі (HFI) мен «бағдаршам» жүйесін қолданады. Бұл құрамында тұз, қант және қаныққан май мөлшері жоғары ультраөңделген өнімдерді тұтынуды шектеуге көмектеседі.
Кездесу соңында профессор 2026 жылғы White Paper құжатында ұсынылған «Тірі интеллект» тұжырымдамасына тоқталды. Ол үздіксіз бақылауға арналған биосенсорлар, жасанды интеллект пен биотехнология мүмкіндіктерін біріктіреді. Бұл тәсіл денсаулық көрсеткіштерін тәулік бойы бақылауға және созылмалы жұқпалы емес аурулардың дамуының алдын алуға бағытталғанын атап өтті.
Халықта «Денсаулық — зор байлық» деген аталы сөз бар. Бүгінгі кездесуде айтылған озық технологиялар мен «Тірі интеллект» тұжырымдамасы осы басты байлығымызды сақтаудың заманауи құралына айналмақ. С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті ұжымы адам өмірі мен денсаулығын қорғау жолында еңбек ететін, ғылым мен медицинаны жаңа деңгейге көтеруге дайын жас ғалымдарымыздың жаңаша жаңғыруларына және ғылыми ізденістеріне толағай табыстар тілейді!



























