ҚазҰМУ мен A*STAR ғылыми ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады
2026 жылғы 14 қыркүйекте С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде ҚазҰМУ басшылығы мен Сингапурдың Ғылым, технологиялар және зерттеулер агенттігінің A*STAR өкілдері кездесті. Тараптар медициналық және биотехнологиялық зерттеулер, ғылыми кадрлар даярлау және бірлескен бастамаларды іске асыру салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
A*STAR делегациясының құрамында Биомедициналық зерттеулер кеңесінің атқарушы директоры, профессор Лиза Нг және аға директор көмекшісі, доктор Винни Чу болды. Кездесуге ҚазҰМУ Басқарма төрағасы – Ректор Марат Шоранов, бірінші проректор Диляра Қайдарова, проректорлар Светлана Сұлтанғазиева, Жанна Қалматаева және Ильдар Фахрадиев, сондай-ақ Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық департаменті басшысының міндетін атқарушы Меруерт Якупова қатысты.
Кездесуді ашқан Марат Шоранов A*STAR өкілдерін қарсы алып, университеттің халықаралық ғылыми және білім беру ынтымақтастығын кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті. Меруерт Якупова ҚазҰМУ қызметінің негізгі бағыттары, оның білім беру және ғылыми-зерттеу әлеуеті туралы таныстырылым жасады. Профессор Лиза Нг A*STAR қызметі, агенттіктің ғылыми басымдықтары және медициналық-биотехнологиялық зерттеулер саласындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктері туралы баяндады.
Қатысушылар жекелеген зерттеушілер, ғылыми орталықтар мен кафедралар арасындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударды. Тараптар бірлескен зерттеу ұсыныстарын әзірлеу, сондай-ақ докторанттардың A*STAR Research Attachment Programme (ARAP) және Singapore Research Attachment Programme (SRAP) бағдарламалары аясында ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін қарастырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен зерттеулердің басым бағыттарын айқындау, ғылыми ынтымақтастықты дамыту және ғылыми кадрларды даярлау жөніндегі жұмысты жалғастыруға, сондай-ақ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға келісті.












































