ҚазҰМУ студенті Бельгиядағы халықаралық медициналық конгресте I орын алды
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті Медицина мектебінің 5-курс студенті Искандер Исгандаров 2026 жылғы 7–10 қыркүйек аралығында Бельгияның Антверпен қаласындағы Антверпен университетінде өткен Антверпен медицина студенттерінің халықаралық конгресінде (AMSC 2026) I орын иеленді. Сонымен қатар оның ғылыми баяндамасы конгрестің үздік баяндамасы деп танылды.
Халықаралық конгресс әлемнің 30-дан астам елінен 300-ге жуық қатысушыны біріктіріп, жоғары деңгейдегі халықаралық ғылыми бәсекелестікке мүмкіндік берді.
Халықаралық ғылыми алаңда Искандер Исгандаров Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Бронхөкпелік дисплазияның иммундық, генетикалық және микробиологиялық биомаркерлерін анықтау» жобасы аясында өзінің тікелей қатысуымен алынған зерттеу нәтижелерін ұсынды. Аталған жоба А.А. Шортанбаев атындағы жалпы иммунология кафедрасында, кафедраның қауымдастырылған профессоры Арайлым Асылханқызы Абильбаеваның жетекшілігімен жүзеге асырылуда.
Ұсынылған ғылыми жұмыстың халықаралық деңгейде жоғары бағалануы жоба нәтижелерінің ғылыми маңыздылығын, жас зерттеушілерді даярлаудың жоғары сапасын айқындайды және университетіміздің халықаралық ғылыми кеңістіктегі беделі мен орнын нығайтуға ықпал етеді.
Искандер Исгандаровты, оның ғылыми жетекшісі А.А. Абильбаеваны және ғылыми жоба ұжымын халықаралық деңгейдегі лайықты жетістігімен құттықтаймыз және алдағы уақытта жаңа ғылыми табыстар тілейміз!






