Орталық Азиядағы медицина ғылымдары саласындағы деректерді басқару мәселелері талқыланды
Алматы, 22 қыркүйек 2026 жыл. С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен АҚШ Ұлттық ғылым, инженерия және медицина академиясымен (National Academies of Sciences, Engineering, and Medicine) және Халықаралық ғылыми-техникалық орталықпен бірлесіп, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Орталық Азиядағы медицина ғылымдары саласындағы деректерді басқарудың озық тәжірибесін жүйелендіру» тақырыбында халықаралық ғылыми іс-шара өтті.
Іс-шараға 150-ден астам ғалым мен сарапшы қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академиктері мен жетекші ғалымдары, медициналық жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу ұйымдарының, денсаулық сақтау және биотехнология салаларының өкілдері, сондай-ақ халықаралық ғылыми жобаның сарапшылары болды.
Жиын барысында медицина ғылымдарын цифрландыру, биомедициналық деректерді басқару, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды ғылыми зерттеулерге, клиникалық практикаға және медициналық білім беру жүйесіне енгізу мәселелері талқыланды.
Ұлттық ғылым академиясының академиктері мен жетекші сарапшылары өз баяндамаларында репродуктивті медицинада жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану, биотехнология саласындағы ғылыми деректерді басқару, клиникалық практикадағы цифрлық деректер, сондай-ақ жасанды интеллект пен үлкен деректердің медицина ғылымдары мен денсаулық сақтау жүйесіндегі мүмкіндіктері туралы өзекті мәселелерді көтерді.
Атап айтқанда, Қазақстандағы биомедициналық деректерді басқарудың қазіргі жағдайына, ғылыми және медициналық ұйымдар арасындағы деректер алмасуға, деректердің сапасы мен қолжетімділігіне, сондай-ақ оларды ғылыми зерттеулер үдерісінде тиімді пайдалану мәселелеріне назар аударылды.
Жоба аясында Қазақстандағы медициналық және ғылыми деректерді басқару тәжірибесін зерделеу мақсатында арнайы институционалдық сауалнама жүргізілді. Сауалнама барысында медициналық және ғылыми ұйымдардағы деректерді жинау, сақтау, өңдеу, пайдалану және алмасу тәжірибесіне қатысты ақпараттар жинақталды.
Сауалнама нәтижесінде алынған деректер өңделіп, жүйеленіп және талданды. Бұл материалдар Қазақстандағы медицина ғылымдары саласындағы деректерді басқарудың қазіргі тәжірибесін зерделеуге және халықаралық озық тәсілдерді ескере отырып, жобаның алдағы кезеңдеріндегі негізгі бағыттарды айқындауға мүмкіндік береді.
Аталған іс-шара осы халықаралық жоба аясында ұйымдастырылған үшінші жұмыс кездесуі болды. Бұған дейін жоба шеңберінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ), Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерімен екі халықаралық іс-шара өткізілген болатын. Аталған кездесулер барысында денсаулық сақтау және медицина ғылымдарындағы цифрландыру, деректерді басқару, халықаралық тәжірибе және ғылыми ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Үш іс-шараның қорытындысы бойынша Қазақстандағы медицина ғылымдары саласындағы деректерді басқарудың қазіргі жағдайын жан-жақты зерделеуге, халықаралық тәжірибені салыстыруға және ғылыми деректермен жұмыс істеудің тиімді тәсілдерін айқындауға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Іс-шара барысында АҚШ Ұлттық ғылым, инженерия және медицина академиясымен бірлескен жұмыстың келесі кезеңдері де талқыланды. Атап айтқанда, медицина ғылымдары саласындағы деректерді басқарудың тиімді тетіктерін зерделеу, цифрлық технологияларды ғылыми зерттеулерге енгізу және Қазақстан мен Орталық Азия өңірінде ғылыми деректермен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушылардың пікірінше, ғылыми және медициналық деректерді тиімді басқару медицина ғылымдарын цифрлық трансформациялаудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл бағыттағы халықаралық тәжірибе мен сараптамалық әлеуетті пайдалану ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға, ғылыми ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге және жаңа цифрлық шешімдерді енгізуге мүмкіндік береді.
Іс-шара қорытындысы бойынша халықаралық ынтымақтастықты жалғастыру, жоба аясында жүргізілген зерттеу нәтижелерін одан әрі талдау және медицина ғылымдарын цифрландыру мен ғылыми деректерді басқару бағытындағы жұмыстарды жалғастыру жөнінде пікір алмасылды.
Анықтама
Іс-шара халықаралық ғылыми жоба аясында ұйымдастырылды. Жоба медицина ғылымдары саласындағы деректерді басқарудың озық халықаралық тәжірибесін зерделеуге, Қазақстандағы цифрлық ғылыми инфрақұрылымды дамытуға және ғылыми деректерді тиімді пайдаланудың заманауи тәсілдерін қалыптастыруға бағытталған.
Жоба аясында бұған дейін ДДҰ, БҰҰ және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерінің қатысуымен екі іс-шара өткізіліп, бүгінгі үшінші жұмыс кездесуімен халықаралық сарапшылар мен қазақстандық ғылыми қауымдастық арасындағы пікір алмасу жалғасты.




































