ҚазҰМУ профессоры Мәскеуде өткен нейрогенетика жөніндегі халықаралық конференцияда қазақстандық неврология мектебінің атынан сөз сөйледі
Мәскеу қаласында гибридті форматта «Нейрогенетикалық аурулар, психоневрология және эпилепсия» атты халықаралық қатысумен өтетін III ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Конференция неврология, нейрогенетика, эпилептология және психоневрология салаларындағы мамандардың басын қосты.
Қатысушылардың назары нейрогенетика саласындағы заманауи жетістіктерге, жүйке жүйесінің тұқым қуалайтын ауруларын ерте диагностикалауға, молекулалық-генетикалық тестілеуге, орфандық ауруларды нысаналы терапия арқылы емдеуге, сондай-ақ эпилепсиясы және сирек кездесетін неврологиялық синдромдары бар пациенттерді емдеудің дербестендірілген тәсілдеріне аударылды.
Конференцияға қатысушылардың ерекше назарын С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жүйке аурулары кафедрасының профессоры, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының орфандық аурулар жөніндегі үйлестірушісі Мухамбетова Гүлнар Амерзаевнаның ересек пациенттердегі жұлын бұлшықет атрофиясының (ЖБА) ерекшеліктері, аурудың клиникалық көріністері және оны емдеудің заманауи перспективалары туралы баяндамасы аударды.
Қазіргі таңда нейрогенетика медицинаның ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі болып табылады. Бұл сала дәл диагноз қоюға, аурулардың молекулалық механизмдерін түсінуге және патогенезге негізделген емді таңдауға жаңа мүмкіндіктер ашады. Мұндай жетістіктер сирек кездесетін тұқым қуалайтын аурулары бар пациенттер үшін ерекше маңызды, өйткені дер кезінде диагноз қою және емді ерте бастау аурудың болжамына және пациенттердің өмір сүру сапасына түбегейлі әсер етуі мүмкін.
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессорының халықаралық ғылыми алаңда жасаған баяндамасы нейрогенетиканы дамытудың перспективалары жөніндегі кәсіби диалогқа елеулі үлес қосып, жүйке жүйесінің тұқым қуалайтын ауруларын диагностикалау мен емдеудің өзекті мәселелерін талқылауда қазақстандық неврология мектебінің маңызын айқындады.
Конференция бағдарламасында Дюшенн бұлшықет дистрофиясын, AADC тапшылығын, 1-типті нейрофиброматоз кезіндегі плексиформды нейрофибромаларды емдеудің заманауи тәсілдері, сондай-ақ фокальды және фармакорезистентті эпилепсия, Драве және Ретт синдромдарына қатысты өзекті мәселелер де талқыланды.
Конференцияның ұйымдастырушысы әрі техникалық операторы «МедВектор» білім беру медициналық порталы («Медициналық Вектор» ЖШҚ) болды. Ақпараттық және баспа қолдауын «АБВ-пресс» баспасы көрсетті.
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жүйке аурулары кафедрасының профессоры Мухамбетова Г.А.-ның халықаралық форумға қатысуы — қазақстандық неврологияның халықаралық ғылыми алаңда лайықты өкілдік етуінің және нейрогенетика саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесінің айқын көрінісі. Бұл ынтымақтастықтың мақсаты — заманауи диагностикалық және терапиялық технологияларды енгізу, сондай-ақ жүйке жүйесінің сирек кездесетін және тұқым қуалайтын аурулары бар пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру.









