ҚазҰМУ мен Ланьчжоу университетінің Бірінші ауруханасы ынтымақтастық бағыттарын айқындады
Алматы, 2026 жылғы 12 қазан С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде ҚазҰМУ басшылығы мен Қытай Халық Республикасының Ланьчжоу университеті Бірінші ауруханасының делегациясы кездесті. Тараптар білім беру, ғылыми зерттеулер және клиникалық практика салаларындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесуге ҚазҰМУ атынан ректор Марат Шоранов, бірінші проректор Диляра Қайдарова, проректорлар Светлана Султангазиева және Ильдар Фахрадиев, сондай-ақ Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық департаменті басшысының міндетін атқарушы Меруерт Якупова қатысты.
Ланьчжоу университеті Бірінші ауруханасының делегациясы құрамында аурухананың вице-президенті әрі Ланьчжоу университеті медицина факультетінің директоры Meng Wenbo, Халықаралық ынтымақтастық және алмасу басқармасының директоры Liu Yatao, Технологиялар трансфері басқармасының директоры Bai Zhongtian, Оқытушыларды дамыту орталығы директорының орынбасары Chen Zixian және бас дәрігердің орынбасары Xu Jizhe болды.
Білім беру саласында қатысушылар оқытушылар мен студенттердің алмасуын, қысқа мерзімді клиникалық тағылымдамалар ұйымдастыруды, PhD докторанттарын бірлесіп даярлау бағдарламаларын әзірлеуді, сондай-ақ шақырылған зерттеушілер мен мамандарға арналған бағдарламаларды іске асыруды қарастырды.
Ғылыми ынтымақтастық аясында зертханалар арасындағы өзара іс-қимыл, бірлескен зерттеулер жүргізу және халықаралық ғылыми гранттарға ортақ өтінімдер дайындау мәселелері талқыланды. Биік таулы өңірлерге тән жүрек-қан тамырлары ауруларын бірлесіп зерттеу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Клиникалық ынтымақтастық шеңберінде бейінді бөлімшелер арасында тәжірибе алмасу, диагностика және емдеу әдістерімен бөлісу, күрделі клиникалық жағдайларды бірлесіп талдау және заманауи медициналық технологияларды енгізу мәселелері қаралды. Қатысушылар телемедицинаны және халықаралық медициналық қызметтерді дамыту мүмкіндіктерін де талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша ҚазҰМУ мен Ланьчжоу университетінің Бірінші ауруханасы арасында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Тараптар академиялық алмасудың, бірлескен ғылыми зерттеулер мен клиникалық өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарын айқындады.



















