Неврология шеңберінен тыс: ересектердегі гипофосфатазия — қазіргі медицинаның пәнаралық сын-қатері
С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың Жүйке аурулары кафедрасы Алматы қаласындағы № 1 қалалық клиникалық аурухананың қолдауымен дәрігерлердің кәсіби құзыреттерін арттыру және Қазақстан Республикасының ересек тұрғындарына көрсетілетін неврологиялық көмекті жетілдіру бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда.
2026 жылғы 16 қазанда Алматы қаласындағы № 1 қалалық клиникалық аурухананың базасында аурухана дәрігерлері мен резиденттеріне арналған «Ересектердегі гипофосфатазия: клиникалық көріністерден диагностикаға дейін» тақырыбында білім беру мақсатындағы дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың Жүйке аурулары кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас неврологы Туруспекова Сауле Тлеубергеновна өткізді.
Дөңгелек үстел Қазақстан Республикасының ересек тұрғындарына көрсетілетін медициналық-неврологиялық көмекті жетілдіру жөніндегі 2025–2027 жылдарға арналған Жол картасын (2025 жылғы 23 қаңтардағы № 03324) іске асыру аясында ұйымдастырылды. Іс-шара дәрігерлердің сирек кездесетін ауруларға қатысты диагностикалық қырағылығын арттыруға, клиникалық ойлау дағдыларын дамытуға және сирек ауруларды анықтаудың заманауи тәсілдерін тәжірибеге енгізуге бағытталды.
Гипофосфатазия — сүйек тіні мен тістердің зақымдануымен қатар бұлшықет әлсіздігі, созылмалы ауырсыну, тез шаршағыштық және функционалдық шектеулер арқылы көрініс беруі мүмкін сирек кездесетін тұқым қуалайтын метаболизмдік ауру. Неврологиялық шағымдар мен жүйелік бұзылыстарды қамтитын клиникалық көріністерінің алуан түрлілігі ауруды дер кезінде диагностикалауды қиындатады және пәнаралық тәсілді қажет етеді.
Кездесу барысында аурудың негізгі клиникалық белгілері, сілтілі фосфатаза белсенділігінің тұрақты төмендеуінің диагностикалық маңызы және дифференциалды диагностиканың негізгі қағидаттары талқыланды. Симптомдардың әдеттен тыс үйлесімдерін тануға және пациенттерді бейінді тексеруге уақтылы жіберуге ерекше назар аударылды.
Дөңгелек үстелдің практикалық маңызы дәрігерлер мен резиденттердің диагностикалық дағдыларын жетілдіру, клиникалық ізденіс аясын кеңейту және мамандардың сирек кездесетін патологияларды анықтауға дайындығын арттыру мүмкіндігімен айқындалады. Тиімді диагностиканың маңызды шарты — неврологтардың, эндокринологтардың, ревматологтардың, травматолог-ортопедтердің және басқа да мамандардың өзара үйлесімді жұмысы.
С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың Жүйке аурулары кафедрасы ғылыми сараптаманы денсаулық сақтау жүйесінің практикалық қажеттіліктерімен ұштастыратын білім беру бастамаларын дамытуды жалғастыруда. Сирек кездесетін ауруларды дер кезінде анықтау — дұрыс диагноз қоюға, пациентті жүргізудің негізделген тактикасын таңдауға және оның өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.









