С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда: Әндіжан мемлекеттік медицина институтымен академиялық байланыстарды дамыту
2026 жылғы 15–21 қазан аралығында С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Жүйке аурулары кафедрасының қауымдастырылған профессоры Нуржанова Роза Балтабаевна «Шақырылған профессор» бағдарламасы аясында Өзбекстан Республикасының Әндіжан мемлекеттік медицина институтына (ӘММИ) барды.
Сапар екі медициналық жоғары оқу орны арасындағы академиялық өзара іс-қимылды дамытуға, ғылыми-педагогикалық тәжірибе алмасуға және кәсіби байланыстарды нығайтуға бағытталды.
Сапар барысында Роза Балтабаевна емдеу және педиатрия факультеттерінің бесінші курс студенттеріне, клиникалық ординаторларға, магистранттар мен докторанттарға «Жүйке жүйесінің орфандық және аутоиммундық аурулары» тақырыбында дәрістер оқып, шеберлік сабақтарын өткізді. Білім беру іс-шаралары жүйке жүйесінің сирек кездесетін және аутоиммундық ауруларын диагностикалау мен пациенттерді жүргізудің заманауи тәсілдерін таныстыруға, сондай-ақ болашақ дәрігерлер мен жас зерттеушілердің кәсіби білімін тереңдетуге ықпал етті.
Институттың профессор-оқытушылар құрамымен өткен кездесулер барысында С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Жүйке аурулары кафедрасының білім беру және ғылыми қызметі таныстырылды. Тараптар неврологиялық пәндерді оқыту тәжірибесімен алмасып, кәсіби өзара іс-қимылды кеңейту перспективаларын талқылады.
Оқу-әдістемелік ынтымақтастықты дамытуға қосылған елеулі үлестің бірі С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Жүйке аурулары кафедрасының қызметкерлері дайындаған «Жалпы неврология» оқулығының даналарын әріптестерге сыйға тарту болды. Бұл оқиға білікті медицина кадрларын даярлауда ғылыми және білім беру ресурстарымен алмасудың маңыздылығын айқындады.
Бағдарламаның маңызды бөліктерінің бірі ӘММИ ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мадамин Муминович Мадазимовпен және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Фаррухбек Бахтиярович Расуловпен кездесу болды. Келіссөздер барысында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, оқу басылымдарын дайындау, ғылыми мақалалар жариялау, академиялық ұтқырлықты дамыту, студенттер мен оқытушылар алмасуын ұйымдастыру, сондай-ақ халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысу перспективалары талқыланды.
Сапар аясында Роза Балтабаевна Өзбекстан Ұлттық телерадиокомпаниясының жүйесіне кіретін «Toshkent» («Тошкент») телеарнасына сұхбат беріп, неврологияның өзекті мәселелері мен халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығының маңыздылығын баяндауға мүмкіндік алды.
Бұл сапар С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың халықаралық беделін нығайту және ӘММИ-мен ынтымақтастықты кеңейту жолындағы маңызды қадам болды. Қол жеткізілген келісімдер академиялық ұтқырлықты дамытуға, бірлескен ғылыми бастамаларды жүзеге асыруға және неврология саласындағы мамандарды даярлау сапасын жетілдіруге қосымша мүмкіндіктер ашады.
Әндіжан мемлекеттік медицина институты С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Шоранов М. Е.-ге және Жүйке аурулары кафедрасының меңгерушісі Туруспекова С. Т.-ға жазбаша алғыс білдірді.
С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Жүйке аурулары кафедрасы халықаралық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып, ғылыми және білім беру байланыстарын нығайту арқылы медициналық білім беру сапасын арттыруға және заманауи неврологияның дамуына өз үлесін қосып келеді.











