COVID-19 адамдарды суицидке итермелей ала ма?
Жыл сайын суицид нәтижесінде 800 000 адам қайтыс болады. Біреуді бұл қиын қадамға жұмысынан айрылу, жеке өміріндегі проблемалар, аурулардан күйзеліс немесе жалпы психикалық денсаулығының бұзылуы итермелейді. 2019 жылдан бастап планетаның әрбір тұрғыны COVID-19 коронавирусының жаңа түрінің салдарымен бетпе-бет кездесіп келеді. Сарапшылардың пікірінше, экономикалық құлдырау, жұмыссыздықтың қарқынды өсуі, жақын адамдарының қайтыс болуы және ұзақ мерзімді шектеулер адамдардың психоэмоционалды жағдайына әсер етеді. Дегенмен, ағзадағы вирустың өзі психикалық денсаулыққа қалай әсер етеді? Аты жаман ауру суицидке түрткі бола алама? Осы және басқа да өзекті сұрақтарға беделді ғалымдар, дәрігерлер мен саясаткерлер Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Университет күндері аясындағы «МЕНТАЛЬДЫ ДЕНСАУЛЫҚ ЖӘНЕ COVID-19» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында жауап береді.
ҚазҰМУ алаңында қазанның 13-15 аралығында Университет күндері өтеді, онда жыл сайын ең өзекті мәселелер көтеріліп, медицина саласындағы тың идеялар мен зерттеулер ортаға салынады.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, ҚазҰМУ профессорлары, Қазақстан, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Болгария, Польша және Литва елдерінің психикалық денсаулық саласындағы жетекші сарапшылары қатысады.
Жақында коронавирустық Пандемия өзінің екінші жылдығын атап өтпек және осы кезең аралығында бүкіл әлемдегі адамдардың өмір салтын түбегейлі өзгертті. Көптеген адамдар кез келгенді тығырыққа тірейтін мазасыздық, депрессия және соншалықты күшті апатиямен бетпе-бет келді. Бүкіл әлемнің адамдарына миллиондаған өлім-жітім, экономиканың құлдырауы, әлеуметтік өзара қарым-қатынасқа шектеулер қою әсер етпеуі мүмкін емес. Ғалымдардың жүргізген зерттеулері депрессияның, суицидтік ойлардың, алкоголь мен психоактивті заттарды пайдаланудың көбеюін көрсетеді. Қазіргі туындаған жағдай планетаның көптеген тұрғындары үшін қиын сынақ болды.
Пандемияның дамуының бірінші кезеңінде басты мәселе ғылымға белгісіз коронавирустың таралуын тоқтату және одан науқастарды құтқару болды. Бірақ карантин мен оқшаулау шараларын енгізу барысында адамдардың эмоционалды жағдайы да нашарлайтыны белгілі болды. Ментальды денсаулық коронавирустық пандемиямен күресуде үлкен рөл атқарады.
Осыған байланысты ментальды денсаулық мәселелеріне, психиатрия, психология, нейрофизиология және басқа да байланысты ғылымдар саласындағы проблемаларға арналған конференция өткізу ерекше өзектілікке ие. Мамандар COVID – 19 аясында психиатриядағы суицидология, психикалық бұзылулардың коморбидтілігі, тәуелділіктер, дербестендірілген медицина мәселелері, сондай-ақ фармацияны дамытудың заманауи аспектілері мен басым бағыттары туралы тың ақпараттарды ұсынады. Бұдан басқа, медициналық білім беру мәселелері кең ауқымды қамтылады.
Конференцияның мақсаты COVID-19 пандемиясы кезеңінде психикалық денсаулықты қорғау мәселелерін насихаттау, ақпарат, тәжірибе алмасу, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, осы және онымен байланысты салаларда жұмыс істейтін мамандарды психикалық денсаулық саласындағы жетістіктермен таныстыру болып табылады.
Конференция бағдарламасы жалпы клиникалық психиатрияның әртүрлі аспектілерін ғана емес, сонымен қатар COVID – 19 пандемиясы кезінде көмек көрсету бойынша психикалық денсаулықты қорғау саласындағы мәселелердің кең ауқымын, сонымен қатар секцияларда жұмыс істеуді, тақырыптық пікірталастарды қамтиды.
Конференция келесі тақырыптар талқыланатын бірнеше секцияларға бөлінеді:
* 1-секция. Суицидология және COVID – 19
* 2-секция. Психикалық бұзылулардың коморбидтілігі және COVID -19
* 3-секция. COVID – 19 және тәуелділік аурулары
* 4-секция. COVID – 19 психиатриядағы дербестенділілген медицина
* 5 -секция. Фармацияны дамытудың басым бағыттары және заманауи аспектілері