Биофизика курсымен қалыпты физиология кафедрасының доценті Хасенова Қадиша Хамзеқызы өмірден озды
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті орны толмас қазаға ұшырады. 2025 жылғы 4 тамызда Биофизика курсымен қалыпты физиология кафедрасының доценті Хасенова Қадиша Хамзеқызы өмірден озды.
Ол бүкіл ғұмырын университет қабырғасында өткізді. Қадиша Хамзеқызы өзінің сүйікті ісіне адал, жауапты маман, сезімтал әрі жанашыр педагог, тәлімгер және дарынды ғалым еді. Қадиша Хамзеқызы медицина қызметінің жоғары білікті мамандарының бірнеше буынын оқытып, тәрбиелеп, үлгерген. Еңбекқор, табанды, өмірге құштар ерекше жан еді.
Қ.Х. Хасенованың 50-ден астам ғылыми және әдістемелік еңбектері жарияланған. Оның еңбегі университеттік және республикалық деңгейдегі көптеген марапаттармен бағаланды.
Әріптестерінің ортасында Қадиша Хамзеқызы сыйлы, құрметті болды, ақкөңілдігі үшін әріптестері шын жүректен жақсы көретін, әсіресе ол студенттердің ыстық ықыласына ерекше бөлене білді. Ізденімпаз ақыл-ой иесі бола отырып, ол шәкірттерінің ғылыми ізденістерге деген қызығушылығын оятты. Студенттер Қадиша Хамзеқызының жетекшілігімен қызықты ғылыми зерттеулер жүргізіп, университеттік, республикалық және халықаралық деңгейде жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Біз Қадиша Хамзеқызын парасатты, мәдениетті, жанашыр, жаны жайсаң адам ретінде білдік. Ол өз отбасында да сүйікті жар, аяулы ана бола білді, өзінің өмірлік серігі Орсариев Амангелді Нұрғалиұлымен бірге тамаша ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді.
Құрметті Арын Амангелдіұлы, Қарлығаш Амангелдіқызы, Қадиша Хамзеқызының туған-туыстары, жақындары мен әріптестері, сіздермен бірге қайғырып, орны толмас қазаларыңызға ортақпыз. Қадиша Хамзеқызы біздің жадымызда мейірімді, жарқын, ерекше тұлға, әрі керемет адам ретінде мәңгі қалады.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің ұжымы