Ильдар Фахрадиев ҚР ҰҒА Жас ғалымдар кеңесінің құрамына кірді
Қазақ ұлттық медицина университеті технопаркінің директоры Ильдар Фахрадиев Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесінің құрамына кірді. Ол «Өмір және денсаулық туралы» ғылым бағыты бойынша ұйымның жұмысына қатысады.
Жаңа ұйым өз жұмысын бүгін Ұлттық Ғылым академиясының отырысында бастады. Ол жас дарын иелерін ғылыми қызметке тарту мақсатында қазақстандық ғылымның жас көшбасшыларын біріктірді. Ұйымның қызметі республиканың ұлттық ғылыми және білім беру саясатымен, сондай-ақ инновациялық және технологиялық дамуды қолдау бағдарламаларымен тығыз интеграцияланған. Оның міндеттеріне жас ғалымдардың мәртебесін көтеру, жас дарындарды ғылымға тарту үшін оңтайлы жағдай жасау арқылы кадрлардың елден кетуімен күресу, еңбекақыны арттыру, гранттар санын арттыру және баспанамен қамтамасыз ету кіреді.
Сондай-ақ, ұйым Жас ғалымдардың мүдделерін қорғаумен айналысады, ол үшін омбудсмен, Жас ғалымдар Кеңесі Төралқасының мүшесі позициясы ресми түрде енгізіліп отыр, оған жас ғалымдардың мәртебесін одан әрі көтеру және нығайту миссиясы жүктеледі. Жас ғалымдар сарапшылар ретінде тәуелсіз талдамалық ұсынымдар ұсынып, Академияның сараптамалық-талдамалық қызметіне, ғылымды танымал етуге, форсайттық зерттеулер, ақпараттық-талдамалық жұмыстар жүргізуге, сондай-ақ Ғылым бойынша Ұлттық баяндаманы дайындауға қатысатын болады.
«Қазіргі академияның өзіндік бірегей миссиясы бар: ол ғылымды басқару саласындағы жүйелі олқылықтардың орнын толтыруы қажет. Біздің жаңа миссиямыз қазақстандық ғылымның дамуына үлес қосуға дайын және қабілетті жетекші ғалымдарды біріктіруге негізделген. Біздің көзқарасымызда ең бастысы – тәуелсіз ұсыныстар ұсынатын, автономды, беделді сараптамалық ғылыми ұйым болуға ұмтылу», – деді өз сөзінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.
Жас ғалымдар кеңесінің құрамына «Агробиоресурстар және экология туралы», «Өмір мен денсаулық туралы», «Білім және азаматтық қоғам туралы» және «Жер, Ғарыш және коммуникациялар туралы» бағыттар бойынша жұмыс істейтін жетекші қазақстандық ғылыми-зерттеу институттары мен университеттерінен барлығы 23 маман кірді.
Ильдар Фахрадиев ғылыми қызметпен 2015 жылдан бастап, Б. Атчабаров атындағы ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істей бастаған кезден бастап айналысады. 2023 жылдың мамыр айынан бастап С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті жанындағы Б. Атчабаров атындағы Іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу институты меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарады. Ильдар Фахрадиев «Қазақстан Республикасында дербестендірілген және профилактикалық медицинаны енгізудің ұлттық бағдарламасы» ауқымды жобасын жүзеге асыруға үлкен үлес қосты.
Ал 2023 жылы «Дені сау ұлт» ұлттық медициналық саммитінде Ильдар Фахрадиев денсаулық сақтау саласындағы үздік ғалым деп танылып, «Алтын шипагер» сыйлығымен марапатталды. 2024 жылдың қаңтарынан бастап ҚазҰМУ технопаркін басқарады.