Келелі кездесу: Абай аманаты және жасанды интеллект дәуірі
Уақыт алмасқан сайын адамзаттың алдындағы сауалдар да тереңдей түсуде. Бір дәуірде қоғамды өндіріс пен экономика толғандырса, бүгінгі күннің басты тақырыбы – сана, технология және руханияттың өзара үйлесімі. Жасанды интеллект адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, ғылым шекарасы кеңейген сайын адам баласы өзінің кім екенін, қандай құндылықтарға сүйеніп өмір сүретінін қайта зерделей бастады. Осындай алмағайып кезеңде ұлттың рухани темірқазығына айналған Абай мұрасы бұрынғыдан да өзекті естіледі. Себебі, Абай ілімі тек өткеннің аманаты емес, болашаққа бағыт беретін парасат мектебі.
Бүгінгі буын технологияны меңгерумен қатар, ұлттық рух пен адамгершілік құндылықтарды сақтай алғанда ғана өркениетті қоғам қалыптастыра алады. Ғылым мен руханият қатар өрілген жерде ғана елдің еңсесі биік, келешегі кемел болмақ. Осындай терең ойлар мен тағылымды пікірлер тоғысқан мазмұнды кездесу С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде өтті. Университет қабырғасында қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, экономика ғылымдарының докторы, академик Оразалы Сәбденмен кездесу ұйымдастырылып, онда «Абай әлемі, Қазақстанның болашағы және жасанды интеллект» тақырыбы кеңінен талқыланды.
Кездесуді ҚазҰМУ-дың бірінші проректоры Қайдарова Диляра Радикқызы ашып, көтеріліп отырған мәселелердің университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері үшін маңызы зор екенін атап өтті. Ол қазіргі қоғамдағы өзгерістер кезеңінде ғылым мен руханият сабақтастығын зерделеудің өзектілігіне тоқталды. Өз баяндамасында Оразалы Сәбден елдің өркендеуі ең алдымен қоғамдық сананың жаңаруымен тығыз байланысты екенін айтты. Академик ғылым мен білімнің мемлекет болашағындағы рөліне ерекше назар аударып, жаһандық үдерістерден қалмаудың басты жолы – білім мен технологияны дамыту екенін жеткізді. Осы орайда ол ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының мұрасына тоқталып, хәкімнің ғылым мен білім туралы ойларының бүгінгі күні де өміршең екенін атап өтті.
«Ғылымға көңіл бөлсеңіз, бәрі келеді: даму да, байлық та, жарқын болашақ та» деген Абай қағидасының мәні қазіргі заманда тіпті тереңдей түскенін тілге тиек етті Оразалы Сәбден.
Академик өз сөзінде адамзат өркениеті жаңа технологиялық кезеңге қадам басқанымен, ғылым мен білімнің құны ешқашан төмендемейтінін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллект дәуірінде бәсекеге қабілетті ел болудың басты шарты – ойлы ұрпақ тәрбиелеп, ғылымға бет бұру.
Оразалы Сәбден Абайдың даналығы тек әдеби мұра емес, бүгінгі қоғамға бағыт-бағдар беретін өмірлік ұстаным екенін әсерлі жеткізді. «Технология адамға қызмет етуі керек, ал адам руханияттан алыстамауы тиіс» деген ой айтқан ғалым ұлттық құндылық пен заманауи білім қатар дамығанда ғана Қазақстанның болашағы баянды болатынын тілге тиек етті. Оның терең мазмұнды пікірі студент жастарды үлкен жауапкершілікке үндеп, ғылымға деген құлшынысын арттыра түсті. Баяндама барысында жасанды интеллект тақырыбы кеңінен қозғалды. Осы тұрғыда академик көптеген сұрақтардың жауабын Абай ілімінен іздеу қажеттігін айтты.
Кездесуде ұлттық болмыс пен рухани тамыр мәселесіне де айрықша мән берілді. Түркістанның рухани орталық ретіндегі тарихи миссиясына тоқталып, ұлттық сананы нығайтуда рухани құндылықтардың орны ерекше екенін жеткізді. Сондай-ақ, академик «XXI ғасырды саналы қоғам мен білімге негізделген өркениет дәуірі» деп бағалап, Қазақстанның болашағы мемлекет, ғылым, бизнес және қоғам арасындағы үйлесімді байланысты қалыптастыруға тәуелді екен айтты. Оның пікірінше, интегралды қоғам құру уақыт талабы. Студент жастарға қарата сөйлеген сөзінде Оразалы Сәбден қазіргі заманның бір ғана мамандықпен шектелмейтінін айтып, жан-жақты, интегралды білімнің маңызын түсіндірді. Сонымен қатар, әр азамат өзінің тегін, мәдениеті мен салт-дәстүрін терең білуі қажет екенін айтып, нағыз патриотизмнің бастауы ұлттық құндылықтардан нәр алатынын жеткізді.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер мен оқытушылар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, еркін пікір алмасты. Іс-шара соңында академик өз авторлық кітаптарын таныстырып, қатысушылармен емен-жарқын әңгіме өрбітті. Осындай мазмұнды жүздесулер жастардың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, ұлт болашағына деген жауапкершілікті терең сезіндіретін маңызды рухани алаң. Ғылым мен технология қанша дамыса да, адамды адам етіп ұстап тұратын күш оның рухы мен санасы екені осы кездесуде тағы бір мәрте айқын аңғарылды. Абай аманаты мен заманауи білімді ұштастыра білген қоғам ғана болашақтың биік белесіне көтеріле алмақ.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Тағылымды кездесу тек ой алмасқан жиын емес, рухани серпіліс пен санаға сәуле сыйлаған мазмұнды басқосу болды. Абай мұрасы мен заманауи технологияның тоғысқан тұсында айтылған әрбір пікір жастарға терең ой салды. Себебі, жасанды интеллект қаншалықты дамыса да, адамзаттың шынайы болмысын айқындайтын күш – парасат, руханият және ұлттық құндылықтар болып қала бермек.
Оразалы Сәбден көтерген келелі ойлар ғылым мен адамгершілік егіз ұғым екенін тағы бір мәрте ұқтырды. Бүгінгі жас буын технологияны игеріп қана қоймай, Абай айтқан «толық адам» ілімін санасына сіңіре алғанда ғана елдің ертеңі еңселі болмақ. Ұлттың болашағы білімді жастардың қолында, ал олардың рухани темірқазығы Абай әлемімен астасқанда Қазақстанның келешегі кемел, бағыты баянды болары анық.
Индира БІРЖАНСАЛ
Дереккөз: https://qazaq1913.com/2026/04/29/keleli-kezdesu-abaj-amanaty-zh-ne-zhasandy-intellekt-d-uiri/





