Күй өнерінің анасы
2021 жылы 12 қараша күні профессор Ю Чхоль Чху атындағы дәрісханада Тілдік пәндер кафедрасы, Жастар саясаты басқармасының тәрбие жұмысы, студенттерді әлеуметтік қолдау және мәдени шығармашылық жобаларды іске асыру бөлімі және Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның халық артисі, күйші-композитор Д. Нұрпейсованың 160 жылдық мерейтойына орай «Күй өнерінің анасы» атты дәріс-концерт өтті
Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті, Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – деген болатын. Жасыратыны жоқ, қазір жаһанданудың тасқынына ілесіп ұлттық бейнемізден айрылып бара жатқанымыз өтірік емес. Бұл кеш сол олқылықтың орнын толтыруға арналды деуге болады.
Кеш шымылдығын ашқан, университетте «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарына жауапты тұлға Жармағанбет Рымкеш Уахитқызы, «Өткенін білмеген ұлттың болашағы болмайды» деген аталы сөз бар, мағынасы ұлт тарихында мәңгілік мұра қалдырған ұлы тұлғаларға құрмет көрсету. Сондай тұлғалардың бірі қазақ музыка мәдениетінің ас көрнекті қайраткері, күйші-композитор, халық артисі Д. Нұрпейсованың қазақ күй өнеріндегі орнының ерекше екеніне тоқтала келіп, қазіргі жаһандану заманында ұлттың тілін, дәстүрін және музыкасын білу арқылы ғана болашаққа дара ұлт болып жете аламыз деп қорытынды жасады.
Рымкеш Уахитқызынан кейін сөз алған Жалпы медицина факультеті, 1-курс студенті Бондарь Анастасия Александрқызы «Күй анасы – Дина Нұрпейісова» атты баяндамасында қазақ күй өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған, дәулескер күйші Дина апамыздың өнегелі өмірі жайлы мәліметтер берді. Соңғы кездері өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген құрметінің арта түскені көңілге жылылық сыйлайды. Анастасияның ойын қазақ тілінде емін-еркін жеткізуіне тыңдаушылар дән риза болды.
Дәріс концертті жүргізген Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының оқытушысы, күйші-зерттеуші, өнертанушы Әбуғазы Мұрат Қазенұлы Дина Нұрпейісованың күйшілік өнерінің қыр-сырына, әр күйінің шығу тарихына тоқталып, орындалу ерекшеліктерін түсіндіріп отырды. Мұрат Қазенұлының шәкірттерінің күй орындау шеберлігі «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген тәмсілдің нақты дәлелі десек артық айтқанымыз емес. Дәріс соңында Мұрат Қазенұлы Дина апамыздың ұстазы ұлы күйші Құрманғазының «Адай» және Динаның күйі «Бұлбұл» орындап берді.
Кеш соңында Жалпы медицина факультеті, 1-курс студенті Бондарь Анастасия қазақ тілінде өлең оқып, тағы да тыңдармандар қошеметіне бөленді.
Тілдік пәндер кафедрасының доценті Зайсанбаев Төлеубек Қизатұлы кешті қорытындылап, Дәріс-концерттің өтуіне белсене ат салысқан Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының оқытушысы, күйші-домбырашы, өнертанушы Әбуғазы Мұрат Қазенұлы мен оның шәкірттеріне университет ректорының Алғыс хатын табыстап, рахмет айтты. Осындай тамаша кештің өтуіне ұйытқы болған университетте «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарына жауапты тұлға Жармағанбет Рымкеш Уахитқызының, Тілдік пәндер кафедрасының доценттері Зайсанбаев Төлеубек Қизатұлы мен Қожахметова Фарида Бақытжанқызының және осы кафедра оқытушысы Абдықадырова Айнұр Рахметоллақызының еңбектерін атап өткен жөн.
Білім алушылар зор ынтамен күй тыңдап, келген қонақтармен ой бөлісіп, күй өнеріне деген қызығушылықтарын танытты, соған қарап, кеш көздеген мақсатына жетті деп нық сеніммен айта аламыз.