Республикалық ғылыми жобалар байқауындағы жоғары жетістік
Бұған дейін Ғылыми-технологиялық парктің Фармация және фармакология орталығының жетекшісі, фармацевтика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ибрагимова Лилия Николаевна Республикалық ғылыми жобалар конкурсының қалалық кезеңінің жеңімпазын дайындағаны туралы хабарланған болатын.
Қуана хабарлаймыз, №134 Лицейдің 11-сынып оқушысы Абдукарим Алана «Ерінге арналған бальзамды өсімдік сығындыларын қосу арқылы әзірлеу және оның сапасын бағалау (герпес вирусын емдеу және алдын алу мақсатында)» тақырыбындағы ғылыми жобасы іріктеудің барлық кезеңдерінен сәтті өтіп, «Биология» секциясы бойынша байқаудың қорытынды (республикалық) кезеңінде I орын иеленді.
Байқау қорытындысы бойынша Абдукарим Алана Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің I дәрежелі дипломымен және алтын медальмен марапатталды.
Байқаудың финалдық кезеңі Астана қаласында өтті және еліміздің барлық өңірлерінен 623 оқушының 463 ғылыми жобасын қамтыды. Жобалар 10 секция бойынша ұсынылды, оның ішінде 160-ы командалық жұмыс болды. Қорғау халықаралық Regeneron ISEF стандарттарына сәйкес ашық көрме форматында ұйымдастырылды. Қатысушылардың жұмыстарын қазақстандық жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары бағалап, ұсынылған зерттеулердің ғылыми деңгейі мен практикалық маңыздылығына жан-жақты әрі объективті сараптама жүргізді.
Аталған жоба ғылыми негізділігімен, практикалық бағыттылығымен, сондай-ақ дәрілік түрді әзірлеу элементтері мен дайын өнім сапасын бағалау әдістерін фармацевтикалық тәсілмен ұтымды ұштастыруымен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Лилия Николаевнаны және Абдукарим Алананы республикалық кезеңдегі лайықты жеңісімен құттықтаймыз және ғылыми қызметте жаңа табыстар мен биік жетістіктер тілейміз!



