Сіздер адамдарға денсаулықтың белгісін сыйлайсыздар – ҚазҰМУ ректоры жас стоматологтар конгресінде сөз сөйледі
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Шоранов 69-шы IADS Дүниежүзілік жас стоматологтар конгресі қатысушыларына сөз арнады. Қазақстанның жетекші медициналық университетінде Қазақстан, Ресей, Бельгия, Румыния, Латвия, Кипр, Словакия, Чехия, Египет, Тайвань, Словения, Польша, Түркия, Иордания, Гватемала, Судан, Швеция, Ирак және Германия сынды әлемнің 19 елінен келген ең дарынды жас стоматологтар жиналды.
Конгресстің арқасында бүкіл әлемнің болашақ стоматологтары тәжірибелерімен, дағдыларымен, білім беру бағдарламаларын жетілдіру туралы идеяларымен бөлісуге, нақты тәжірибе әлеміне дайындалуға мүмкіндік алады. Бүгінде Қазақ ұлттық медицина университетінде 1200 астам студент стоматология мамандығы бойынша білім алуда.
Конгресс аясында Қазақстанда алғаш рет IADS Бас Ассамблеясы (Стоматолог студенттердің халықаралық қауымдастығы) өткізіліп, онда стоматологиядағы денсаулық сақтаудың және IADS ұйымдық құрылымының өзекті мәселелері талқыланды.
«Бәрі де тілдесуден басталады, сіз күлімсіреу арқылы сөйлесуді жеңілдетесіз. Сіздің жарқын күлкіңіз – тұтас денсаулықтың алғашқы белгісі. Егер адамның бойында тіс аурулары болса, онда асқазан аурулары, метаболикалық синдромдар сынды басқа да проблемалар болатынын білеміз. Осы жерде сіздердің еңбектеріңіздің денсаулықтың басқа да ауыр асқынуларының алдын-алуда маңызы зор.
Сіздерге сындарлы пікірталастар тілеймін. Бұл конгресс және оның шешімдері біздің ғана емес, басқа да университеттердің білім беру бағдарламаларын жетілдіруге, студенттер мен профессорлар арасындағы диалогты жақсартуға жәрдемдеседі деген үміттеміз», – деп атап өтті Марат Шоранов.
Ол өз сөзінде, ҚазҰМУ Даңқ залы оның дамуына маңызды әсер еткен мұғалімдердің, университет қызметкерлерінің рухын сақтайтынын атап өтті. Ол жас буын дәрігерлерін барлық сын-тегеуріндерді абыройлы еңсеруге шақырды.
Қазақстан Стоматологиялық қауымдастығының басшысы Майра Көпбаева Конгрестің жас қатысушыларының Бас Ассамблея барысында көрсеткен жоғары жұмысқа қабілеттілігін атап өтті.
«IADS басшылығына Конгресті өткізу орны ретінде біздің қаланы таңдағаны үшін алғыс айтамын. Кешегі күн бізді – аға әріптестерімізді де шабыттандырды. Бұл алаң сіздердің бірлестіктеріңіз, пікірлеріңіз бен жаңа жобаларыңыз үшін тамаша орын болмақ. Мұның бәрі әлемдегі стоматологияның дамуына ықпал етеді. Қазақстандық стоматологиялық қауымдастық алғашқы күннен бастап біздің жас әріптестерімізді қолдауда, әрдайым қолдап келмек», – деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, конгресс аясында ҚазҰМУ-да бірнеше бағыттар бойынша практикалық шеберлік сабақтары өтеді: тістерді көркемдеп қалпына келтіру, хирургиялық стоматологиядағы жұмсақ тіндердің пластикасы, тілдік ортодонтия және т.б. сондай-ақ стоматологиялық олимпиада және ғылыми баяндамалар және клиникалық кейстер конкурсы ұйымдастырылады.
Қазақстанның жетекші медициналық университетінде Қазақстан, Ресей, Бельгия, Румыния, Латвия, Кипр, Словакия, Чехия, Египет, Тайвань, Словения, Польша, Түркия, Иордания, Гватемала, Судан, Швеция, Ирак және Германия сынды әлемнің 19 елінен келген ең дарынды жас стоматологтар жиналды.
Стоматолог студенттердің халықаралық қауымдастығы 1951 жылы Данияда бүкіл әлем бойынша стоматолог-студенттердің білім беру бағдарламаларын жетілдіру мақсатында құрылған. Әлемнің шамамен 67 елінде 200000 астам стоматолог-студенттердің мүдделерін білдіреді. Конгрестің басты мақсаты – өз тәжірибесін молайтуға, әлемнің түкпір-түкпірінен келген делегаттармен идеялар алмасуға және стоматологиялық ойлауды дамытуға мүмкіндік беру.