ҚазҰМУ-да академик Оразалы Сәбденмен кездесу өтті
С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, экономика ғылымдарының докторы, академик Оразалы Сәбденмен кездесу өтті.
Кездесуді ҚазҰМУ-дың Бірінші проректоры Қайдарова Диляра Радикқызы ашып, тақырыптың өзектілігін және көтеріліп отырған мәселелердің университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері үшін маңызын атап өтті.
Оразалы Сәбден «Абай әлемі, Қазақстанның болашағы және жасанды интеллект» тақырыбында баяндама жасады. Сөз басында ол ел дамуы ең алдымен қоғамдық сананың өзгеруіне байланысты екенін айтып, қоғамның ішкі жаңғыруының қажеттілігіне тоқталды.
Баяндама барысында ғылым мен технологияның маңызына ерекше назар аударылды. Спикер білім, ғылым және технология дамымаса, қоғам жаһандық үдерістерден қалып қою қаупі бар екенін атап өтті.
Академик Абай Құнанбайұлының мұрасына тоқталып, ұлы ойшылдың ғылым мен білімнің маңызын ерте түсіндіргенін атап өтті: «Ғылымға көңіл бөлсеңіз, бәрі келеді: даму да, байлық та, жарқын болашақ та». Оның айтуынша, Абай идеялары бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ.
Жасанды интеллект пен технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында Оразалы Сәбден рухани және мәдени құндылықтарды сақтаудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Ол бұл құндылықтар әлсіресе, адамзат өзінің бағыт-бағдарынан айырылып, технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект, адамға ықпал етіп қана қоймай, оның ойлау жүйесі мен мінез-құлқын қалыптастыруы мүмкін екенін атап өтті. Осы тұрғыда көптеген сұрақтардың жауабы Абай ілімінде жатқанын жеткізді.
Қазіргі кезең туралы айта келе, академик бүгінгі таңда өзін-өзі дамыту мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейгенін айтып, жастарды осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды.
Баяндаманың маңызды бөлігінің бірі рухани даму мен ұлттық болмыс мәселелеріне арналды. Спикер Түркістанның рухани орталық ретіндегі маңызын атап өтіп, оның дамуы ұлттық сана мен қоғамдық құндылықтарды нығайтумен тығыз байланысты екенін айтты.
Академик сондай-ақ XXI ғасырдың саналы қоғам мен білімге негізделген өркениет кезеңі екенін атап өтті. Осы тұрғыда ол Қазақстанның дамуын интегралды қоғам қалыптастыру арқылы қарастырып, мемлекет, ғылым, бизнес және қоғам арасындағы өзара байланысқа негізделген басқару тәсілдерін ұсынды.
Студенттерге арнайы үндеуінде спикер қазіргі заман бір ғана мамандықпен шектелмей, кешенді, интегралды білімді талап ететінін айтты. Оның пікірінше, бір ғана сала жеткіліксіз, тұтас ойлай білу маңызды. Сонымен қатар ол әр адам өз тегін, рухани және мәдени негіздерін, салт-дәстүрін білуі тиіс екенін атап өтіп, патриоттық сезім дәл осы құндылықтар арқылы қалыптасатынын жеткізді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Оқытушылар мен студенттер белсенді қатысып, сұрақтар қойып, өз пікірлерімен бөлісті.
Іс-шара соңында Оразалы Сәбден өз авторлық кітаптарын таныстырып, қатысушылармен еркін пікір алмасып, сұрақтарға жауап берді.






































