ҚазҰМУ-дың 744 резидентура түлегі ел өңірлеріне жол тартады
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде резидентура түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті. Биыл ҚазҰМУ резидентурасын 45 мамандық бойынша 744 дәрігер аяқтады. Жас мамандар алдағы уақытта еліміздің әр өңіріндегі медициналық ұйымдарда еңбек жолын бастайды.
Бұл күн бірнеше жыл бойы білімін жетілдіріп, клиникалық тәжірибеден өткен жас дәрігерлер үшін маңызды белес болды. Енді олар алған білімі мен тәжірибесін отандық денсаулық сақтау саласында қолдануға дайын.
Осындай ауқымда білікті маман даярлау университеттің қалыптасқан академиялық мектебі мен жүйелі білім беру үдерісінің нәтижесі. ҚазҰМУ-дағы резидентура бағдарламалары мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес жүзеге асырылады. Мамандар мемлекеттік грант, жергілікті атқарушы органдардың қаражаты, ұйымдардың тапсырысы және азаматтардың өз қаражаты есебінен даярланады. Қазір университет резидентурасында 1800-ден астам дәрігер білім алып жүр. Бұл ҚазҰМУ-ды еліміздегі бейінді медицина мамандарын даярлайтын ең ірі орталықтардың біріне айналдырып отыр.
Білім сапасын білікті профессор-оқытушылар құрамы мен тәжірибелі клиникалық мамандар қамтамасыз етеді. Резиденттерге 105-тен астам ғылым докторы, 95 PhD докторы, 315 ғылым кандидаты және 633-тен астам клиникалық тәлімгер сабақ береді. Практикалық даярлық Алматы қаласындағы заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған 140-тан астам жетекші клиникада, сондай-ақ бес ірі ұлттық ғылыми орталық пен ғылыми-зерттеу институтында жүргізіледі. Осындай жан-жақты дайындықтың арқасында университет түлектеріне деген сұраныс жоғары, ал олардың жұмысқа орналасу көрсеткіші дәстүрлі түрде 100 пайызға жуық.
Салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова түлектерге бейнеүндеу жолдап, ақ тілегін білдірді. Министр Мемлекет басшысының тапсырмасымен кейінгі жылдары дәрігерлерді әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан қорғауға бағытталған кешенді шаралар қабылданғанын атап өтті. Оның ішінде қызметтік баспанамен қамтамасыз ету және медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметіне кедергі келтіргені үшін жауапкершілікті заңмен бекіту мәселелері бар.
– Бүгінде сіздерді Қазақстанның барлық өңірінде асыға күтіп отыр. Денсаулық сақтау саласының болашағы сіздердің білімдеріңізге, кәсіби даярлықтарыңызға және елге адал қызмет етулеріңізге тікелей байланысты. Мемлекет сіздердің білікті маман болып қалыптасуларыңыз үшін білім беру саласына қомақты күш пен қаражат жұмсады. Дәрігер болу – ауруды емдеумен ғана шектелмейді. Бұл адам өмірін сақтау, халық денсаулығын қорғау және елге адал қызмет ету. Дәрігердің шынайы кәсібилігі мен отаншылдығы осы қасиеттерден көрінеді, – деді министр.
Бүгінгі түлектердің оқу жылдары университеттегі ауқымды жаңғыру кезеңімен тұспа-тұс келді. ҚазҰМУ Еуропа, АҚШ және Азияның жетекші медициналық жоғары оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. Бұл білім беру бағдарламаларын үнемі жаңартып, әлемдік тәжірибені оқу үдерісіне енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге университет үшін ұрпақтар сабақтастығы мен Санжар Асфендияров негізін қалаған іргелі академиялық мектеп басты құндылық болып қала береді.
Университеттің стратегиялық даму бағыты мен білім беру үдерісіндегі өзгерістер туралы ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов айтып өтті. Оның сөзінше, соңғы он жылда университет клиникалары мен іргелі пәндер кафедралары жаңғыртылып, заманауи ғылыми кеңістіктер құрылды, симуляциялық оқыту мүмкіндіктері кеңейді. Ректор өз сөзінде жаңа технологияларды дамыту мәселесіне ерекше назар аударды.
– Бүгінде университетіміз заман талабына сай білім беріп қана қоймай, медициналық білім, ғылым және клиникалық даярлықтың жаңа стандарттарын қалыптастырып келеді. Мұның барлығы сіздердің жаңа буын мамандары арасында бәсекеге қабілетті болуларыңызға мүмкіндік береді. Бұл өзгерістердің негізінде өткен тарихымызға деген мақтаныш, болашақты бірге құруға деген ортақ жауапкершілік жатыр. Осы құндылықтар ҚазҰМУ түлектерінің бірнеше буынын біріктіріп, университеттің жүз жылдық мерейтойы қарсаңындағы даму бағытын айқындайды. Қазіргі таңда білім беру, ғылыми зерттеу және практикалық медицинаны жасанды интеллектісіз елестету мүмкін емес. Сондықтан ол университет дамуының маңызды бағыттарының біріне айналып отыр, – деді Марат Шоранов.
Салтанатты рәсімге еліміздің денсаулық сақтау саласына елеулі үлес қосқан белгілі ғалымдар, профессорлар мен тәжірибелі дәрігерлер қатысты. Олар жас мамандарды кәсіби жолдарының басталуымен құттықтап, дипломдарын табыстады.
Жиынға Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Орынбасарұлы Пашимов та қатысты. Ол жас дәрігерлердің қаланың денсаулық сақтау жүйесіне қосатын практикалық үлесі зор екенін атап өтті.
– Бүгін сіздер дәрігер-маман ретінде кәсіби жолдың жаңа кезеңіне қадам басып отырсыздар. Енді алған білімдеріңіз бен тәжірибелеріңізді халық денсаулығын сақтау және жақсарту жолында қолданасыздар. Көпшілігіңіз үшін келесі маңызды қадам медициналық ұйымдардағы еңбек жолынан басталады. Бұл – қаланың денсаулық сақтау жүйесінің дамуына нақты үлес қосуға, кәсіби шеберліктеріңізді шыңдауға және отандық медицинаның озық дәстүрлерін жалғастыруға берілген үлкен мүмкіндік, – деді Марат Пашимов.
Диплом табыстау рәсімі жүздеген бейінді маман үшін үлкен кәсіби жолдың бастауы болды. ҚазҰМУ резидентурасының түлектері еліміздің барлық өңірінде – ірі облыстық көпбейінді ауруханалардан бастап аудандық медициналық орталықтарға дейін еңбек етеді. Жас дәрігерлерге кадр тапшылығын азайтуға ғана емес, озық медициналық технологиялар мен сапалы көмек көрсетудің жоғары талаптарын өңірлерде орнықтыруға да маңызды міндет жүктеліп отыр.










































































