ҚазҰМУ Шарманов Төрегелді Шарманұлына құрмет көрсетілді
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Төрегелді Шарманов атындағы Даңқ залында академик, қазақстандық медицинаның жарық тұлғасы Төрегелді Шарманұлына құрмет көрсетілді. Әлемдік медицинаны өзгерткен көрнекті дәрігер, Алматы декларациясын жасаушы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанның Еңбек ері» атағымен марапатталған болатын. Мемлекет басшысы оның ұлт денсаулығын сақтауға, салауатты өмір салтын насихаттауға қосқан қомақты үлесін атап өтті.
Даңқ залына жиналған Төрегелді Шармановтың әріптестері мен серіктестері марапат иесіне құрмет көрсетіп, жылы лебіздерін білдірді. ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин бүгінгі күн аса маңызды деп атап өтті.
«Құрметті Төрегелді Шарманұлы сіздің атыңыздағы Даңқ залында тұрып, марапатыңызбен құттықтағым келеді. Сіз барлық мансап жолыңызда еліміздің дамуына өз үлесіңізді қосып, ерлік жасадыңыз. Бұл сіздің жылдар бойғы еңбегіңіз, бала кезіңізден берілген медициналық мамандыққа қосқан үлесіңіз үшін лайықты марапат. Әр адамның арманы – оның еңбегінің еленуі. Сіз медицинаның нағыз қаһарманысыз», – деді ол.
Денсаулық сақтау жүйесі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадыр Омаров Төрегелді Шармановты бүкіл қазақстандық медицинаға үлгі деп атады.
«Сіз үшін өте қуаныштымыз. Сіз бізге және студенттерімізге үлгі өнегесіз. Төрегелді Шарманұлы бұрынғы Кеңес Одағы, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде кесек тұлға. Ол барлық елге танымал, оның қасында болмасақ та, барлық жерде біздің Қазақстанға, дәрігерлерге құрметпен қарайды» — деді ол.
Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева Төрегелді Шармановты қазақстандық медицинаның атасы деп атады.
«Сізді қазақстандық медицинаның атасы деп атауға болады. Сізден біздің әкелеріміз ілім алған, енді біз білім алудамыз. Сізге еңбегіңіз жемісті болсын демекпіз», – деді ол.
Қазақстанның бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Василий Девятко Төрегелді Шармановтың әлемдік денсаулық сақтауға баға жетпес үлес қосқанын атап өтті.
«Алматы конференциясынан бері 44 жылдай уақыт өтті. Бірақ Сіздің сөзіңіздегі басты постулат — алғашқы медициналық көмектің басымдығы өз күшін әлі күнге сақтайды. Тіпті АҚШ пен Еуропа елдері сынды дамыған елдер де пандемияға тап болды. Олардың бастапқы буыны халықпен жаппай маңызды іс-шараларға дайын болмады. Оларда миллиондаған адам дертке шалдықты, мың адамдай өмірден өтті.
Төрегелді Шарманұлы сізді ДДҰ құрметтейді. Сізбен кеңессіз соңғы 20-30 жылда бірде-бір шешім қабылдамағаныма сенімдімін. Бұл Қазақстанның барлық денсаулық сақтау саласының марапаты. Біздің жолымыз болды. Сіз тек озық ойлы ұйымдастырушы ғана емес, сонымен бірге өресі биік тұлғасыз. Сіз адамның жанына микроскопсыз енесіз. Кез — келген адамды сендіре аласыз. Біз үшін Сіз әрқашан данышпан адамсыз. Сіздің үнсіз сөзіңіз дабыл сынды естіледі», – деді ол.
Денсаулық сақтау экс-министрі Омарова Марьям қазақстандық ғана емес, әлемдік медицина жұртшылығы да көптен күткен оқиға болғанын атап өтті.
«Біз ғылым майталманы Қазақстандағы ең жоғары марапатқа ие болған күнге жеттік. Төрегелді Шарманұлының есімі Қазақстан медицинасының, әлем медицинасының тарихына алтын әріптермен жазылды. Сіз көптеген адамдарды ағартушы, ғалым ретінде танытып, тамақтану туралы ұсыныстарыңызмен көптеген адамдардың өмірін ұзарттыңыз. Осы қазақстандық ғылым мен денсаулық сақтау диадемасында ұзақ уақыт бойы есіміңіз гауһар тастай мәңгі жарқырап тұруын тілеймін», — деді ол.
Академик Вячеслав Локшин қазақстандық медицина корифейінің зор өмірлік энергиясын атап өтті.
«Біз сіздің ұлыңыз Алмаз екеуміз көптеген жылдар бойы тіпті, 40-46 жылдай үзеңгілес келеміз. Сіз біздің министріміз болдыңыз. Біз әрқашан Алмаздың, сіздің қарапайымдылығыңызға таңырқанатынбыз – сіздің үйіңізде бізді әрдайым жылы қабылдайтын. Осы 40-50 жылдың ішінде Қазақстанда денсаулық сақтау саласында асқан қажырлы, креативті, зиялы министрі болған емес. Сіз 90 жастың төріне шықсаңызда белсенді қалпыңыздан таймайсыз. Сіз жаңа ұлттық өнімді дайындадыңыз. Мұндай жетістікке кім қол жеткізді? Ал сіз бұл істе жетістікке жеттіңіз. Сіз өткен жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болдыңыз. Біз оғанда қатты қуандық. Сіз ұнды фортификацияладыңыз, тұзды йодтадыңыз. Тек осы үшін Батыр атағын беруге болады. Сіз нағыз жаңа заман адамсыз — таңертең Instagram ашсақ – Төрегелді Шарманұлы өмір туралы әңгімесін өрбітуде. Осымен күнді бастау қажет. Сіздер сынды адамдарды тыңдау, тағлым алу қажет, сонда бәрі жақсы болады деп ойлаймын.
Сіз ғылымды қолдау қорымен біздегі ғалымдардың олқылығын толтырдыңыз. Қазір Академик Шарманов Қорының лауреаты болу аса құрметті. Қазақстандықтар үшін ғана емес, ТМД елдерінің ғалымдары үшін де – осы сыйлықты америкалық ғалымдар биыл алғанын мақтан тұтамын. Мен академик Шармановтың қорына өз үлесімді қосамын – ғалымдарға үлкен сыйақылар тағайындалсын», – деді ол.
«Республикалық Медициналық Палата» ҚБ басқарма төрағасы Мақсұт Құлжанов Төрегелді Шармановты Қазақстанның мақтанышы деп атады.
«75 жыл бұрын БҰҰ Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылдады. 30 жылдан кейін Төрегелді Шарманұлы науқастың денсаулығы құқығы туралы Декларацияны қабылдады. Бұл алғаш рет жаһандық құжатқа жазылды. Сіз бірегей тұлғасыз. Қазақстан Сіз Қазақстанның азаматы, дәрігерлер үшін киелі қалада болғаныңызды мақтан тұтады. Сіз бұл қаланы шарапатыңызбен, біліміңізбен жебеп, Отанға Денсаулық сақтауға қалтқысыз қызмет етуді дәріптейтін қазыналы қартымызсыз. Арамызда ұзақ жүруге жазсын», – деді ол.
Төрегелді Шарманов – еліміздің денсаулық сақтау саласының үздік ұйымдастырушысы, Қазақстан мен Орталық Азия республикаларындағы нутрициологтар мектебінің негізін қалаушы, оның бастамасымен 1978 жылы Алматы қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ қолдауымен алғашқы-медициналық және санитарлық көмек жөніндегі халықаралық конференция өтті. Аталмыш конференцияда әлемдік денсаулық сақтау саласындағы негізгі құжаттарының бірі Алматы декларациясы қабылданды. Декларацияда алғашқы медициналық-санитариялық көмектің ұлттық жүйесін ұйымдастыру тұжырымдамасы көрсетілді.
Ол Қазақ тағамтану академиясының негізін қалаушы және президенті. Академик теміртапшылықты анемия, йод тапшылығы, А витамині мен фолий қышқылының жетіспеушілігін жою, нәрестелерге ана сүтін емізуді қолдау, ғарышкерлер мен спортшылардың тағамдары, балаларға, жүкті әйелдерге, сондай-ақ созылмалы аурулармен ауыратын адамдарға арналған емдік-профилактикалық тамақ өнімдерін әзірлеу жөніндегі халықаралық ғылыми жобалардың жетекшісі. Сонымен бірге бие сүтінің негізінде бірегей өнімдер әзірледі.
Академик Т. Шарманов Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының ең жоғары наградасы – әлемдік денсаулық сақтауға қосқан зор үлесі үшін Леон Бернард медалімен марапатталған.