Елдегі ең көне медициналық жоғары оқу орнының Ашық есік күніне 2000-нан астам болашақ дәрігер қатысты
Бүгін ҚазҰМУ-де көптен күткен Ашық есік күні өтіп, оған 2000-нан астам қатысушы – мектеп түлектері, олардың ата-аналары, сондай-ақ ата-әжелері жиналды.
Қонақтар үшін болашақ талапкерлер университетпен, оның атмосферасымен, тарихымен және оқу мүмкіндіктерімен жақынырақ таныса алатындай мазмұнды бағдарлама дайындалды.
Іс-шара аясында түлектер үшін кампус-тур ұйымдастырылып, олар Медицина тарихы мұражайын, Анатомиялық мұражайды және Б. Атчабаров атындағы іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу институтын аралады. Қатысушылар университеттік ортаның қалай құрылғанын, болашақ дәрігерлердің білім, практикалық дағдылар мен ғылыми қызығушылығы қалыптасатын ортамен танысты.
Экскурсиядан кейін кездесу Concordia театрында жалғасты. Мұнда талапкерлер мен олардың ата-аналары алдында Қабылдау комиссиясының жетекшісі мен мектеп декандары сөз сөйлеп, ҚазҰМУ-дың білім беру бағдарламалары, оқуға түсу ерекшеліктері, оқу үдерісі және студенттерге ашылатын мүмкіндіктер туралы кеңінен айтып берді.
ҚазҰМУ дәстүрлі түрде елдегі ең сұранысқа ие медициналық жоғары оқу орындарының бірі болып қала береді. Университет жыл сайын ең жоғары өту балдарының бірін көрсетіп келеді, әрі мұнда Қазақстанның ең үздік талапкерлері оқуға ұмтылады.
Дәл осы оқу орнында еліміздің үздік дәрігерлері қалыптасқан және қалыптасуын жалғастыруда. Мыңдаған мектеп оқушылары үшін ҚазҰМУ-ға түсу – үлкен мақсат әрі болашақ мамандыққа бастар алғашқы қадам.
Ашық есік күні дәрігер мамандығын таңдауды қазірден бастап ойлап жүрген және ақпаратты тікелей көзден алғысы келетіндер үшін маңызды кездесу болды.
ҚазҰМУ жаңа буын болашақ дәрігерлерін қарсы алады.
























