ҚазҰМУ ғылыми және инновациялық қызмет көрсеткіштері бойынша Қазақстанның медициналық жоғары оқу орындары рейтингінде көш бастады
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті 2025 жылдың қорытындысы бойынша ғылыми және инновациялық қызмет көрсеткіштері негізінде жүргізілген рейтингтік бағалауда Қазақстанның медициналық жоғары оқу орындары арасында 1-орынға ие болды. ҚазҰМУ-дың жиынтық рейтингтік көрсеткіші 21,086 балды құрады.
Рейтинг нәтижесіне сәйкес, екінші орында 15,721 балмен Астана медицина университеті, үшінші орында 15,064 балмен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті орналасқан. Медициналық жоғары оқу орындары бойынша рейтингке барлығы 8 ұйым енді.
Әдістемеге сәйкес рейтингтік бағалау алты негізгі көрсеткіш негізінде қалыптастырылды. Атап айтқанда, ғылыми зерттеулерден түскен кіріс көлемі, Web of Science, Scopus, Springer базаларындағы жарияланымдар саны, ғылыми еңбектердің дәйексөзделу деңгейі, патенттер мен өзге де қорғау құжаттарының саны, ғылыми зерттеулер мен инновациялық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру деңгейі, сондай-ақ халықаралық конференциялар мен форумдарға қатысу деңгейі есепке алынды. Балдар өндірістік персоналдың бір бірлігіне шаққанда есептелді.
2025 жылы ҚазҰМУ келесі көрсеткіштер бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізді:
- Web of Science, Scopus, Springer базаларындағы жарияланымдар саны бойынша — 12,722 баллмен 1-орын;
- ғылыми еңбектердің дәйексөзделуі бойынша — 8,222 баллмен 1-орын;
- патенттер және өзге де қорғау құжаттарының саны бойынша — 0,099 көрсеткішпен 2-орын;
- ғылыми зерттеулер мен инновациялық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру деңгейі бойынша — 0,0006 көрсеткішпен 2-орын;
- ғылыми зерттеулерден түсетін кіріс көлемі бойынша — 0,034 көрсеткішпен 3-орын;
- халықаралық конференциялар мен форумдарға қатысу деңгейі бойынша — 0,008 көрсеткішпен 3-орын.
Соңғы үш жылдағы динамикаға сәйкес, ҚазҰМУ 2023 жылы 14,8359 балмен 1-орынды иеленсе, 2024 жылы 10,7492 балмен 2-орынға тұрақтаған. Ал 2025 жылы 21,086 балмен қайтадан көш бастап, бірінші орынға шықты.
Аталған рейтингті Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі әзірледі. Талдау Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық білім және ғылым департаментіне қарасты Медициналық ғылымды дамыту басқармасы мен ШЖҚ РМК «Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы» тарапынан жүргізілді.
Жалпы рейтингтік бағалауға 37 ұйым енгізілді. Оның ішінде 8 медициналық жоғары оқу орны, клиникалық бейіндегі 19 ғылыми-зерттеу институты мен ғылыми орталық, сондай-ақ клиникалық емес бейіндегі 10 ғылыми-зерттеу институты мен ғылыми орталық қамтылды.



