Микробиология, вирусология кафедрасындағы микология мен медициналық білім беруді дамытудағы халықаралық ғылыми ынтымақтастық
2026 жылғы 4–13 мамыр аралығында «С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КеАҚ микробиология, вирусология кафедрасында визитинг-профессорлар бағдарламасы аясында медицина ғылымдарының докторы, клиникалық микология және инвазиялық микоздарды диагностикалау саласының жетекші маманы, профессор Софья Николаевна Хостелидидің ресми сапары өтті.
Визитинг-сапар барысында білім беру, ғылыми және клиникалық бағыттарды қамтыған жалпы көлемі 42 академиялық сағаттық кешенді жұмыс жүргізілді. Бағдарлама аясында дәрістер, тәжірибелік сабақтар, шеберлік сабақтары, дөңгелек үстелдер, клиникалық базалардағы пациенттерге консультациялар, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобаларды талқылау ұйымдастырылды.
Іс-шаралардың маңызды бөлігінің бірі ретінде 6 мамыр күні академик Т. Шарманов атындағы Даңқ залында «Микологиядағы заманауи үрдістер және инвазиялық микоздарды диагностикалау критерийлері» тақырыбында шеберлік сабағының өтуі саналды. Аталған шара профессор-оқытушылар құрамының және зертхана қызмет мамандарының кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге бағытталып, БҰҰ-ның ТДМ-ның №4 «Сапалы білім беру» бағытымен ұштасты.
8 мамыр күні профессор С. Хостелиди №5 қалалық клиникалық аурухананың жақ-бет хирургиясы бөлімінің дәрігерлерімен, сондай-ақ ҚазҰМУ-дың хирургиялық стоматология және ЛОР пәндері кафедраларының оқытушыларымен кездесу өткізді. Кездесу барысында инвазиялық микоздарды диагностикалаудың заманауи алгоритмдері, клиникалық тәжірибеге енгізілетін жаңа тәсілдер және болашақтағы бірлескен ғылыми жарияланымдардың перспективалары талқыланды. Бұл бағыттар БҰҰ-ның №3 «Салауатты өмір салты және әл-ауқат» ТДМ аясындағы денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру міндеттерімен тығыз байланысты болды.
12 мамырда клиникалық кафедралардың профессор-оқытушылар құрамы, резиденттер мен магистранттардың қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, онда пәнаралық ықпалдастықты дамыту, саңырауқұлақ инфекцияларын емдеудің заманауи тәсілдері және халықаралық клиникалық ұсынымдарды тәжірибеге енгізу мәселелері қарастырылды. Аталған іс-шара ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және кәсіби тәжірибе алмасуды кеңейтуге ықпал етіп, БҰҰ-ның №17 «Тұрақты даму мақсатындағы әріптестік» қағидаттарымен сабақтастықта жүзеге асырылды.
Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі — 2026–2028 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы инвазиялық микоздарды зерттеуге бағытталған алғашқы кешенді көпорталықты ғылыми зерттеу жобасына өтінімнің дайындалуы болды. Жоба шеңберінде инвазиялық микоздардың ұлттық регистрін құру, бірыңғай электрондық деректер базасын қалыптастыру, қауіп факторларын, қоздырғыштардың құрылымын, зеңге қарсы препараттарға төзімділік деңгейін зерттеу, сондай-ақ диагностика мен емдеу тәсілдерін жетілдіру көзделіп отыр. Бұл бастама БҰҰ-ның №3 және №9 тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келеді.
Сонымен қатар, бірлескен жұмыс барысында білім беру бағдарламаларын жаңарту, оқу-әдістемелік материалдарды заманауи талаптарға сәйкестендіру және клиникалық бағытталған инновациялық оқыту әдістерін енгізу мәселелері талқыланды.
Профессор Софья Хостелидидің сапары микробиология, вирусология кафедрасының халықаралық академиялық байланыстарын нығайтуға, ғылыми интеграцияны дамытуға, сондай-ақ ҚазҰМУ-дағы білім беру және ғылыми-зерттеу қызметінің сапасын арттыруға елеулі үлес қосты.
















